Жаңа жыл таяған сайын тірлік қыза түседі. Айналаға объективпен қарайтын фотографтардың, орталық алаңдағы мақта, кәмпит сататындар мен түрлі үлгідегі жан-жануарлар киімін кигендердің, әсіресе, Аяз ата мен Ақшақардың жұмысы үдейді. Әлбетте, бір жылдың бір күнінде ғана жұмыс істеп, қалған 364 күннің нәпақасын табу оңай емес. Ол үшін сұраныс керек, ал сұранысқа сай әрекет кез келген кәсіп үшін бірінші орында тұрады. Алда келе жатқан мереке тұсында балаларға арналған жаңажылдық киімдерді жалға беру де қызу қарқын ала түскен. Біз осы бағытта халықтан, жалға берушіден сұраныс жайлы сұрап, зерттеп көрген едік.
Меруерт – облыс орталығының тұрғыны. Ол бірнеше жылдан бері жаңажылдық киімдерді жалға берумен айналысып келеді. Әрине, он жылдың ар жақ-бер жағында жұмысын жүйелеп, тұрақты кәсіпке айналдырғандар жетерлік. Бірақ қазір Меруерт сияқты шағын ғана кәсіппен жұртшылыққа қызмет көрсетіп жүргендер көбейді. Оның артықшылығы да жетерлік.
«Егер кәсіптің көзін тауып, іске кірісемін десеңіз, құба-құп. Сәл ойлансаңыз жеткілікті. Адам өзінің басынан өтпей, ешнәрсенің байыбына бара бермейді. Мен өзімнің балама киім іздедім, сосын ойлана келе бір емес, бірнеше балам бар екенін, олардың бірінің ізін бірі басып келе жатқанын ойлап, жалға алуды емес, сатып алуды ойладым. Нәтижесінде алған киімімді бір балам ғана киді, қалғанына басқасы керек болды. Азын-аулақ қаражатым бар болатын, жаңа жылдан екі ай бұрын бірнеше түрінен киім алдым да, көзді жұмып бастап кеттім. Қазір ауыл халқына жібермейміз, тек қала халқы үшін осы қызметті ұсынып отырмыз. Киім сапасына қарай 1500-5000 теңге аралығында жалға берудеміз», – дейді ол.
Кәсіп ашу үшін өзің сүретін ортаның мұқтаждығын зерттеу керек емес пе?! Облыс орталығындағы кәсіпкерлердің ауыл халқына сенімсіздігін көрген елдегі жұртшылық та бұл істі ойға алды. Бәлкім, нарық қысқанынан ба, адамдар бір емес, бірнеше жұмысты қатар алып жүруге үйренген. Бұрын-соңды мұндай дағды тек мегаполистерде ғана болатын, қазір қарапайым ауылда өзінің тұрақты жұмысына қосып, кәсіп тауып жатқандар жетерлік. Солардың бірі – Қаракөз. Ол Жалағаш ауданына қарасты ауыл мектептерінің бірінде мұғалім болып жұмыс істейді.
«Мектепте жұмыс істеген соң, киімді жалға алу кезінде көп қиындық туатынын көреміз. Арнайы көлік іздейміз, бір күнге емес, бірнеше күнге алу керек болады. Одан қалды ауылдықтарға бермейтіні тағы бар. Ойлана келе отбасылық бюджеттен қомақты қаражат алдым да, қажетті деген киімдерді сатып алдым. Қазіргі таңда ұжымдағылар арасында сұранысқа ие. Қосымша тәп-тәуір табыс. Сіз оны айтасыз, тіпті балабақша меңгерушісі де осылай кәсіпті жолға қойған. Бәрінің де хақысы бар, бір жұмыспен отыра беру керек деген еш жерде жазылмаған. Сондықтан заң бұзып жатқан жоқпыз, халықтың қалтасын көтеретін баға қойдық. Барлық киімдер 2 мың теңгеден жалға беріледі. Әрине, бір күнге ғана», – дейді жалағаштық мұғалім-кәсіпкер.
Иә, баға туралы қазір бір нәрсе айта қою қиын. Өйткені нарықтың жүгенін еркіне жібергелі қашан?! Айтпақшы, қазір көптеген оқу орындарында «Аяз ата шеруі» дәстүрге айналған. Қала көшелерінде бір топ кішкентай Аяз ата көрсеңіз, уайымдап қалмаңыз. Ол – Аяз ата мен Ақшақардың балалары. Сол себепті, қазір өтімді киімдер қатарында Аяз ата мен Ақшақар киімі алдыңғы орында тұр. Ал он екі жылдың иесінің киімдері де халыққа қызмет етуде.
«Мектептен мұғалімдер тарапынан нақты мына киімді ки деп тапсырма берілмеген жағдайда біз өзімізге ұнағанын алып жатырмыз. Ауылдарда онша таңдау болмаған соң қалаға келдік. Мұнда ауылға берілмейді екен. Бірақ осы қаладағы сіңіліме алдырып, артынан ауылға арқаланып барып келеміз. Ауыл таяқ тастам жерде. Бұл кісілердің де қорқынышы орынды. Қып-қызыл ақша тұратын қымбат зат, тасымалдап жүргенде бүлініп, жыртылып қалып жатса, ол да мәселе ғой дейді», – Сырдария ауданының тұрғыны Гүлмира Жақсылыққызы.
Әйтсе де, білім ошағы тарапынан берілген «тапсырмаға» сай киім ала алмай отырған отбасылар да жоқ емес. Мәселен, Бақытгүл – көпбалалы ана. Отағасы жұмыссыз. Мамандығы болмаған соң, әр жерде жалдамалы жұмыс істейді. Кейде жолаушылар тасымалдап такси қызметін ұсынады. Бақытгүл баламен үйде отыр. Ол мектеп жасындағы 5 бірдей баласына жаңажылдық киімді қайдан алсын?!
«Мен «жоқ» деп отыра алмаймын. Қолымды кеудеме қойып, шүкір деймін. Сондықтан жоқтан бар құрау үшін еңбектенеміз. Өзімнің тігін тігетінім бар. Балаларымның біріне қоян, енді біріне барыс, тағы біріне түлкі киімін тігіп бердім. Әрине, дүкендікіндей болмас. Бірақ кәдімгідей ұқсайды. Бірнеше жыл болды балалар сол киіммен жаңа жылды қарсы алып жүр. Мөлшерін кеңдеу етіп піштім, сыймай қалатын жағдай жоқ. Бұл киімді жалға алу мәселесінде мен қиналып отырғаным жоқ, қайта жұрт менен жалға алсын. Азық-түлігімді айырайын», – дейді көпбалалы ана.
Иә, барлығы да қызу тірліктің басында олжалы болғысы келеді. Қанжығасы қашанда майланып жүретін жұмыртқадан жүн қырқатын «талантты болу» – бәрінің маңдайына жазылған іс емес. «Икемі келген инеден де нәпақа айырады» деген бар.
Тілші түйіні:
Орталық көшеден өтіп барамын. Аяз ата мен Ақшақар қол ұстасып кетіп барады. «Сіздермен суретке түсуге бола ма?» деп едім, «Екеумізбен суретке түсу 500 теңге» деді. Ақысын төледім де, естелік суретке түсіп алдым. Бәлкім, «Есектің артын жу да мал тап» деген осы шығар… Кәсіптің кілті – сұраныста. Ал сұраныс бар жерде кәсіп дами түсері анық. Бір түсінгенім, жаңажылдық киімдерді жалға берушілердің көбеюі сұраныстың молдығынан екен.
Аян СПАНДИЯР
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!