Халқымыздың тұрмысында берік бекіген көне салалардың бірі – қазақ қолөнерінің өміріміз бен мәдениетімізде алар орны ерекше. Атадан балаға жалғасқан өнер арқылы әу баста ұсталар: найза, қылыш, айбалта, ағаш ұсталары: сандық, астау, зергелер түрлі бұйымдар, іскерлер: кілем, текемет, алаша жасаған. Тастар мен ағаштарға қашап жазудан басталған бұл өнер кейіннен ою-өрнекпен ұласты. Қазақтың тұрмысын сипаттайтын саланың қазіргі жағдайы қандай?
Күніге айбалта мен қылыш жасамаса да, ұмыт бола бастаған дәстүрді жастарға дәріптеп жандандырып жүргендер бар. Сырдария ауданы Айдарлы ауылының тұрғыны Роза Әлбатырова 2012 жылдың сәуірінде қоғамдық кеңес құрып, халықаралық байқауларға қатыса бастаған. 2013 жылы Америкада «USAID» шағын бизнесті дамыту орталығынан жоба ұтты. Кейіннен шебер апамыздың қолынан шыққан дүниелер Ресей, Англия, Гонконг, Қырғызстан және тағы басқа мемлекеттерде сұранысқа ие болды.
− Шеберханада 3 тігінші және 4 кілемші шеберлер жұмыс жасайды. Кілем тоқуға тапсырыс түскен кезде Алматыдан тоқыманың жіптерін алдыртамыз, дайындыққа 2 апта кетеді. Ал толық жұмыс процессі 2 айды қамтиды. Тапсырыстар туралы айтатын болсам, өткен және осы жылы тек 1 ғана кілемге тапсырыс келді. Карантинге дейін жылына 5-6 кілем тоқитынбыз −, деді «Әлбатырованың түкті кілем үйрету шеберханасының» жетекшісі Роза Әлбатырова.
Кілем – әсемдік және үйдің жылулығын ұстауға қолданылатын түрлі өрнектермен безендірілетін қолөнер туындысы. Кілем бір немесе бірнше қабатты, түкті және тықыр болып келеді. Қолдан тоқылған ең бағалы кілемдердің Отаны: Иран, Қазақстан, Франция, Венгрия, Грузия. Өзімізден бастау алған, алғашқы түрлері қазақ топырағында пайда болған, әр шаңырақта кездесетін түкті кілемдер, бүгінгі күнде тек арнайылап тоқылатын жағдайға жетті. Бір кілемнің бағасы шамамен 500.000 теңгені құрайды.
70-ке таяп алған Роза әжей шеберханадағы жұмысынан бөлек ақысыз түрде шәкірттер қабылдайды. Тоқу ісінің шеберінің сөзінше үйренемін деушілердің саны көп. Ауылда өзі жетекшілік ететін үйірмеге қатысқан сал ауруына шалдыққан бойжеткеннің жағдайы жақсарған. Осыған дейін берген берген сұқбаттарының бірінде қолөнер туындыларын жасауда пайдаланылатын қой жүнінің адам денсаулығына беретін пайдасы көп екенін айтқан еді. Дана қазақ халқымыз ерте кезден бастап мәдениет пен шеберлікті ұштастырып қана қоймай, пайдасын да біліп жүрген. «Шебердің қолы ортақ» демекші, шеберхананың хас шеберлері түкті кілемнен бөлек қоржын, бесік жабдықтары мен қыз жасауын да дайындайды.
− Үйренемін деушілерге бар білгеніммен бөлісуге есігім әрдайым ашық. Табыс көзін қуу – басты мақсатым емес. Ұмыт болып бара жатқан дәстүрді қайта жаңғыртуға өз септігімді тигізгім келеді,− деді әжей әңгіме­лесу бары­сында.
Айта кетейік, өткен аптада облыстық кәсіпкерлер және туризм басқармасы және Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен Қызылордада өткен «Қазақстанның үздік тауарлары – 2022» атты байқауға Роза Әлбатырова өзінің шәкіртімен қатысты.
Дәстүрді жаңғырту – болашақтың дамуының жарқын айғағы. Халқымыздың құндылықтарын сақтау үшін ұлттық мәдениетіміздің қолданбалы қолөнерін бірге өркендетейік.

Әлия ТӘЖІБАЙ