Қалай ойлайсыз, өнер мен бизнес, технология мен мәдениет бір-бірімен тоғысқанда не пайда болады? Бұл – креативті индустрияның негізі. Заманауи әлемде идеяны құнды ресурс деп есептесек, оны жүзеге асыру қоғамды өзгертетін, экономиканы алға сүйрейтін күшке айналады. Қазірдің өзінде креативті индустрия миллиондаған адамды шабыттандырып, миллиардтаған табыс әкеліп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр.
Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында әрбір облыс орталығында және ірі қалаларда креативті индустрия орталықтарын құру қажет екенін айтты. Содан бастап елімізде бұл саланың дамуына айрықша мән берілуде.
Біз бен сізге жаңа ұғым болғанымен, «креативті индустрия» сөзі 2000 жылдары пайда болған. Қай уақытта қолданысқа енсе де, қазір маңызы зор екені сөзсіз. Ал өңірдегі «креативте» нендей жаңалық бар?
Кызылорда облысында жалпы 3467 креативті индустрия субъектісі жұмыс істейді. Негізгі бағыттары – қолөнер мен сәндік- қолданбалы өнер. Жыл басында «Брендке бір қадам» креативті индустрия жобасы аясында «Этно Fashion» ұлттық сән үлгісі фестивалі өтіп, облыс бойынша 17 дизайнер-тігінші қатысқан еді. Аймақтағы әр қолөнер шебері екі түрлі киім үлгісін ұсынды. Ал ұлттық киімдер дефилесінде 100-ге жуық үлгі таныстырылды. Мұнан бөлек қыркүйекте креативті бизнес өкілдері арасындағы тәжірибе алмасу, нетворкингті және отандық брендті қолдауға бағытталған «Сreative Оrda» бизнес-клубы ашылды. Клуб аясында кәсіпкерлер үшін практикалық жұмыстар мен шеберлік сағаттар ұйымдастырылады. Біз атаған іс-шаралар облыстағы креативті индустрияны дамытуда ұйымдастырылған іс-шаралардың бір парасы ғана.
Жуырда «Анаға тағзым» орталығында «Brendke bir qadam » республикалық форумы өтті. Жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Креативті индустриялар департаментінің басшысы Гүлісхан Нахбаева мен Түркістан, Алматы қалаларынан делегаттар арнайы қатысып, Сыр өңіріндегі креативті индустрия саласының дамуы мен жұмыс бағыты, креативті кәсіпкерлерді қолдау мақсатында іске асып жатқан жобалар, алдағы жоспарлар талқыланды.
Сонымен қатар «The Оne System» компаниясының негізін қалаушы Аслан Жұмабаев «Қаржылық сауаттылық: ақшаны жүйелі басқару» тақырыбында дәріс өтті. Ал Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жасанды интеллект институтының директоры Нұрлан Құлмырзаев «Креативті технология және жасанды интеллект» тақырыбын кеңінен таныстырып, тәжірибесімен бөлісті.
Іс-шара барысында қарашада басталған «Creative ideas» креативті идеялар конкурсының жеңімпаздары марапатталды. Кәсіпкерлердің тың идеясын іске асыруға бағытталған байқау нәтижесі бойынша инвесторлар үздік деп танылған 7 жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсетеді. 50% көлеміндегі инвестициялық қаражатты «Тігін шеберханасы» бағыты бойынша Айман Абдиева, Айдын Аяпова, Элеонора Абитова, Мира Исабаева ұтса, «Бесік және қыз жасауы» бағытында Жанар Мұхтарқызы, «Принт эксперті» бойынша Ақерке Есенбекқызы, ал «Тоқыма тоқу» бағытында Жазира Тұрғанбек қаржылай қолдау иеленді.
Қорытындылай келе, креативті индустрия өңірлік дамудың стратегиялық бағыты ретінде қоғам мен экономиканы жаңа деңгейге көтере алатын сала ретінде қарастырылуда. Ал индустрияда өзіндік қолтаңба қалдыруды қалайтын кәсіпкерлердің көбейгені, әрине, жақсы прогресс.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!