Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің тиімділігі мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының жаңа қағидаттарын іске асыру арқылы қамтамасыз етілетін болады. Бұл ретте талаптарды белгілеу шарттарын сақтау, кәсіпкерлік субъектілері үшін негізсіз реттеушілік талаптарды енгізуге жол бермеу, мемлекеттік реттеудің жүйелілігі мен дәйектілігі, бұрын қабылданған шешімдердің сабақтастығы, сондай-ақ мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілеріне деген сенімін арттыру ескерілген. Өзара іс-қимылдың базалық қағидаттарын жетілдіру – кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекетке сенімін және бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Артық талаптардың өсуін болдырмау және тиімсіз талаптарды алып тастау мақсатында бизнеске қойылатын талаптарды белгілеу шарттары заңнамалық түрде айқындалатын болады», – деді Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.
Оның айтуынша, «бір талапты қосса, екі талапты алып тастау» қағидатын енгізу қолданыстағылардың екеуінің орнына бір реттеушілік талапты енгізуді көздейді. Осылайша, мемлекет жаңа талапты енгізген кезде құқықтық реттеудің сол саласында қолданылатын екі талап жойылады. Бұл қағидат кәсіпкерлік субъектілері үшін артық реттеу мен әкімшілік шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді.
«Нормативтік құқықтық актілер және өзге де құжаттар түрінде бизнеске арналған талаптардың толық тізбесін қамтитын бірыңғай ақпараттық ресурсты қалыптастыру мақсатында міндетті талаптардың Тізілімін құру көзделеді. Тізілімге жаңа реттеушілік саясатқа сәйкес келетін талаптар ғана енгізілуге жатады. Бұдан басқа, Тізілімде нормативтік құқықтық актілердің жаңа реттеушілік саясатқа сәйкестігін қарау мерзімдері айқындалатын болады. Демек олар сәйкес келмеген жағдайда құқықтық актілер қайта қаралады немесе жойылады. Бұл қағидат қауіпсіздіктің қажетті деңгейін қамтамасыз ететін міндетті талаптардың санын оңтайландыруға, бизнеске қатысты нормативтік құқықтық актілер базасын жетілдіруге ықпал ететін болады», – деді министр.
«Кәсіпкерлік қызметті реттеудегі жаңа тәсілдерді іске асыру бизнеске жүктемені түбегейлі азайтуға және жаңа экономикалық нақты жағдайда іскерлік белсенділікті дамытуға серпін беруге мүмкіндік жасайды», – деді ол.
Айта кетейік, осы заң жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин құжатты пысықтау барысындағы Ұлттық экономика министрлігінің қадамдарын сынға алды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!