Технократтық кезеңге қадам басқан сайын сан түрлі сала жойылып, кейбірі қажетсіз саналса, қалғаны қоғам қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жаңа өзгерістерге бейімделіп жатыр. Соның ішінде екінің бірі бара бермейтін бизнес саласында өзгерістер орын алып, тамақтану орындары мен қонақүй кәсібі жаңа тыныс алуда. Мейрамхана сөзі XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастап қолданысқа енсе, тұңғыш рет франциялық тавернде 1767 жылы қой етінің сорпасын ұсынған Буланже мырза мейрамхананың атасы атанып кетті. Қанша ғасыр өтсе де қажеттіліктен түспейтін, маңыздылығын жоймайтын мейрамхана ісін дөңгелетіп отырған қызылордалық Буланже – Василий Огай есімін тұрғындар білмегенмен, оның қолынан шыққан тіл үйірер, талғамнан шығар түрлі тағамның дәмін татып көргені анық.

Кәсіпкер – 15 жылдық тәжірибесі бар аспаз ғана емес, қаладағы белгілі мейрамхананың келушілер көңілінен шығуына атсалысып жүрген ізденімпаз маман. Талай жылдан бері осы кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, ыстығы мен суығын көрген ол бүгінгі күні өз өнімін шығаруды қолға алған. Қазіргі таңда оның цехында «Veranda street» брендімен ет өнімдері, халал сертификаты бар шұжықтар, жартылай фабрикат, салаттар, консервілердің 72-ден астам түрі өндіріледі. Айта кету керек, халал белгісі – Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы «Халал өнімдерін стандарттау» бөлімінің сертификатын алған өндіруші тауарының қаптамасына қолданылатын, өнім сапасы мен оның қажетті талаптар мен стандарттарға сәйкестігін тікелей растайтын арнайы әмбебап таңба. Бұл таңба өндірілген дайын не жартылай дайын тағамдарда талапқа сай тазалықтың сақталғанын, қорықпай тұтынуға болатынын көрсетеді.

Өткен жылы Байқоңыр «ӘКК» АҚ-ы бәсекелесі көп, бәсі биік кәсіппен айналысып жүрген Огай Василиймен бірлесіп, қалада ет және консервіленген өнімдер, жартылай фабрикаттарды өндіру және сату бойынша «KZO Food» ЖШС кәсіпорнын құрды. Қазір аталған цехта күніне 500 порция салат, консерві, шұжықтар шығарылады. Өндіріске шикізат ретінде негізінен жергілікті өнімдер қолданылады. Өнім өңірмен қатар Оңтүстік Қазақстан облысына да сатылымға жіберілуде.

Іске асырылып жатқан жоба негізінде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпкердің айтуынша, өнімге сұраныстың артуына байланысты цехты кеңейтіп, кәсіби персонал санын 3 есеге арттыру жоспарлануда. Әмбебап аспаздар мен білікті даяшыларды табу қиындық тудырады екен. Себебі колледждердегі кәсіби арнаулы білім ескі кеңестік жүйенің шеңберінде қалып қойған. Осы мәселеге байланысты заманауи, әмбебап әрі өзгеріске бейім, әлемдік стандартқа сай мамандарды дайындауды қолға алып, жеке оқу орнын ашуды болашақ мақсаттарының қатарына енгізген. Сонымен бірге қазір қызмет көрсетіп жүрген тұрақты мамандар үшін де үнемі білімін жетілдіріп, кәсіби біліктілігін арттыру шарт. Компания қызметкерлері өткен жылы Санкт-Петербургте оқып келген.

«KZO Food» жобасы үшін Василий өз қаражатының 75 процентін салса, қалған 25-ін «Байқоңыр» «ӘКК» АҚ-ы қаржыландырған. Бүгінгі таңда «Байқоңыр» «ӘКК» АҚ-мен бірлесе сатып алынған жабдықтар өнім көлемін 10 есеге арттыруда.

Соңғы жылдары қолдануға тыйым салынғанына қарамастан, заңды құлаққа ілмей, табиғаттың жағдайын жөнсіз бұзып, сексеуіл ағашын кәсіпкерлік бағытта қолданып жүргендер қатары азаймай тұр. Мәселен, өткен жылдың өзінде осыған байланысты 2,6 млн теңге көлемінде айыппұл түскен дерек бар. Ал Василий – бұл мәселеде көпке үлгі болып, туған өлке мен табиғаттың жанашыры боп жүрген азамат.

– Біздің кәсіпкерлікте ағаш көмірге көшкенімізге үш жыл болды. Көмір сексеуілден қымбат емес. Отын түрі ауысса да, етті стейктердің дәмі өзгерген жоқ, тұтынушыларымыз да азаймады. Есесіне туған жердің табиғатына немқұрайлық танытпай, пайдалы нәрсені таңдағаным үшін қуаныштымын. Кәсіпкерлерді, тұрғындарды сексеуілді, өңірдің табиғи байлығын бүлдірмеуге шақырамын, – дейді ол.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!