Бүгін мен өзім туралы айта отырып, өзімнен кейінгі жас буынға теңіздің тамшысындай болса да бағыт-бағдар бергім келеді. Мен оқу орнында көшбасшы студент, жас  қаламгер ретінде өзімді таныстырар едім.  Осылай жан-жақты қалыптасуым студенттік өмірімнің бос өтпегенінің айғағы екенін баса айтқым келеді.

Әрбір жас қоршаған орта үшін  өзіндік ойы, айқын мақсаты және пайдалы әрекетімен қымбат деп есептеймін. Қоғам кез келген жасты қаншалықты жетілдірсе, жастар қоғамды соншалықты дәрежеде дамы­тады. Сондай-ақ шығармашылық адамды қашанда шыңға жетелері анық. Өзіме келер болсам, осы уақытқа дейін республика  облыс, аудан, көлемінде  біршама ауқымды шаралардың өту, ұйым­дас­тыру барысына, сөз тізгініне жауапты болып, түрлі байқаулар мен замандастарымның арасындағы кездесу кештерін жүргізіп жүрмін. Алдағы уақытта жүргізушілік қабілетім мен шығармашылық шебер­лігімді әрі қарай дамытамын деген ниетім бар.

Ерікті болу – мен үшін үлкен тәжірибе алаңы. Ерікті болу – ешқандай материалдық қажеттіліктен емес. Дегенмен моральдық тұрғыда рухани байлығыңыздың артатынына сенімім мол. Сонымен қоса өз бойымда қайтпас қайсарлықты қалыптастырып, жақын достар, жаңа бастамалар мен тың идеяларға жол ашты. Еріктілер – қоғамның түрлі орталарында жүреді. Осындай сәттер жақыныңа жанашыр болу, ата-анаға құрмет, шүкіршілік пен тәубенің артуына әбден ықпал етеді. Бұл ортада жүріп, рухани тазалықпен бірге қоршаған ортаның да тазалығына өз үлесіңді қоса аласың. Ал әсем табиғат – таза ауа мен мықты денсаулық кепілі.

Халқымыз «жігітке жеті өнер де аз» деп бекер айтпаған. Маған үнемі күш беріп, шабытымды шарықтатып отыратын да осы сөз. Өзімді әр қырымнан дамытып, кез келген ортада сынап көргім келеді. Жастық шақ –  күш-қуат пен уақыттан бөлек, үлкен мүмкіндіктер кезеңі. Осы кезде уақытты тиімді басқара отырып, қарым-қабілетімізді дәлелдей алсақ, өз жолымызды адаспай табуымызға даңғыл жол ашамыз деп ойлаймын.

Өткен жылдың қараша айында «ҚР колледждерінің ТОП-100 студенті» жобасының жеңімпаздары қатарынан көріндім. Бұл жобаның мақсаты – кәсіптік және техникалық білім беру мекемелеріндегі көш­басшы студенттерді анықтау және жастарға мотивация беру, жігер­лендіру, бастамалары мен жоспарларына қолдау көрсету.

Білім беру – мемлекет дамуындағы ең жетекші сала. Болашақ ұстаз ретінде де өзіме артылған үлкен жауапкершілікті сезінемін. Өйткені ұстаз елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақ тәрбиелейді. Бұл мамандық сонысымен де құнды, сол үшін де киелі. Өз мамандығымның маңыздылығын сезіне отырып, өскелең ұрпаққа қазақ тілінің құндылығын жоғалтпауға, ұлттық дәстүрді дәріптеуге үлесімді тигізсем деймін.

Көшбасшы болу – көпшілік алдында жүргеніңізбен өлшенбейді. Өзіңнің тұлғалық қабілеттеріңді шыңдау, ұйымдастыру және үйрене жүріп, үйрету арқылы көрінеді.

Жас дос, сіз де тартынбаңыз! Талантты болу да, талапты болу да үлкен еңбектің нәтижесінде. Әрқайсысымыздың бойымызда жасы­рынып жатқан өнер бар. Тек оны жарыққа шығару, жұмыс жасау керек екенін ұмытпайық. Көшбасшы болу сіздің де қолыңыздан келеді. 

Бекзат ЕШМҰРАТ,

М.Мәметова атындағы Қызылорда

педагогикалық жоғары колледжінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!