Дамыған елдерде экономиканың драйвері ретінде бизнес ерекше рөл атқарады. Шағын және орта бизнес өркендесе, халық кәсіпкерлікпен шұғылдануға бейімделсе, мемлекеттің экономикалық мүмкіндігі арта берері сөзсіз. Оның үстіне «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» жоспар бойынша жүзеге асып келеді. Сандарды сөйлетсек.

Ұлттық жоба нені көздейді?
Үкіметтің 2021 жылғы №728 Қаулысымен бекітілген «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаға» 8 455 329 919 мың теңге қарастырылған. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 1 030 884 427 мың, жергілікті бюджеттерден – 124 695 492 мың, бюджеттен тыс – 7 299 750 000 мың теңге қаражат көзделген екен. Жылдар бойынша алып қарасақ, 2021 жылға – 1 272 207 923,3 мың, 2022 жылға – 1 370 367 038,7 мың, 2023 жылға – 1 620 056 904 мың, 2024 жылға – 1 963 862 120 мың, соңғы 2025 жылға 2 228 835 933 мың теңге жоспарланған. «ҚЗЭ» механизмі бойынша несиелендіруге жататын басым жобаларға арналған тауарлар тізіміне сәйкес кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру және кепіл болу қарастырылған. Соның ішінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жыл басынан бері несиесінің жалпы сомасы 194,58 млрд теңге болатын 125 жоба субсидияланған. Төленген субсидия көлемі 38,32 млрд теңгені құрап отыр. Осы ретте «БЖК-2025» және «ҚЗЭ» бағдарламалары бизнесті қолдауда нәтижелі әрі сәтті бағдарламалар екенін атай кеткен дұрыс.
«2022 жылға дейін шағын және орта бизнес субъектілері 106 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашып, 36 трлн теңге болатын өнім шығарып бюджетке жалпы сомасы 2,3 трлн теңге салық төлеген» делінген Ұлттық экономика министрлігі Мемлекеттік қолдау және кәсіпкерлікті қорғау департаментінің хабарламасында.
Мемлекет басшысының 11 қаңтардағы тапсырмасын орындау мақсатында Ұлттық экономика министрлігі оңтүстік және батыс өңірлердегі ШОБ субъектілерін жеңілдікпен несиелеудің жекелеген механизмін жасап шығарды. Мәселен, несиенің құнын арзандату үшін сыйақы мөлшерлемесі 5 пайыз болатын жеңілдетілген несие енгізілді, өңдеу өнеркәсібінің басым салаларындағы несиеге кепіл болу 85 пайызға дейін жетті. Жеңілдікті сақтап қалу үшін және келеңсіз жайттардың ШОБ субъектілеріне тиетін салдарын азайту үшін кәсіпкерлердің қазақстандық екінші деңгейлі банктердегі несиелерін қайта қаржыландыру тетігін енгізу туралы шешім қабылданды.

Салық саясаты –
сан істің басы
Бұдан бөлек, бизнесті дамыту үшін салық саясаты түбегейлі қайта қаралып, кәсіпкерлер артық әкімшілік қысымнан босатылуы тиістігі айтылды. Осылайша, жаңа кәсіпкерлер буынын қалыптастыруға жол ашылмақ.
Бұл орайда Президент «Бәсекелестік жағдайы теңестіріледі. Мемлекеттік аппараттағы байланыстар мен оның тарапынан жасалатын қамқорлыққа қарамастан Қазақстанда адал бизнеспен айналысу кез келген адамға тиімді және қауіпсіз болуға тиіс. Бұл – негізгі ұстаным. Тағы бір маңызды мәселе, Қазақстан негізгі тауар түрлерін өзі өндіріп, ішкі нарықты толықтай қамтуы қажет. Басқасын айтпағанда қарапайым заттарды шығармаймыз. Ыңғайсыз болса да, мәселені шұғыл шешу керек» деген орамды ой айтқан болатын.
Шынында, біз 30 жыл болды негізгі тауар түрлерімен өз-өзімізді қамти алмай келеміз. Битум, құбыр, әйнек және тағы басқа құрылыс заттарымен. Тіпті бір кездері қант тапшылығы болғаны есте. Жылына 550 мың тұтына отырып, небәрі 50 мыңдай ғана шекер өндіреді екенбіз, яғни шамамен 10 пайыз ғана. Бұл мемлекеттің тірегі шағын және орта бизнес екенін тағы бір айғақтайды. Бюрократиялық кедергіден, қағазбастылықтан арылу деген секілді мәселелердің нүктесін қоятын уақыт таяды.
– 2024 жылы жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Оны әзірлеуге бизнес тікелей қатысады. Бұл – менің Үкіметке берген тапсырмам. 2024 жылдан «басынан бастап реттеу» жүйесі іске қосылады. Бұл бизнесті артық әкімшілік қысымнан босатады. Мемлекеттік сатып алу тәсілдері мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік моделі толығымен қайта қаралып, жер қойнауын пайдалану жөніндегі заңнама жетілдіріледі. Өзгеріс тек бұл ғана емес. Мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік деген маңызды бағыттар бойынша да үлкен өзгерістер болмақ. Салалық саясат бойынша агроөнеркәсіп кешенін, құрылыс саласы, көлік-логистика секторын дамытуға қатысты әдістерді қайта қарау маңызды. Біздің алдымызда биліктің, қоғам мен бизнестің күшін біріктіру арқылы ғана орындауға болатын орасан зор міндет тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Монополияға жол жоқ
Мемлекет адал бизнеске жағдай жасауды көздейді. Жақында шағын және орта бизнесті тексеруге мораторийдің 2023 жылдың соңына дейін ұзартылуы осыған дәлел болып отыр.
«Тиісті мораторий 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді. Оның қолданысы 2023 жылдың 1 қаңтарында аяқталуы тиіс болатын. Мораторийді ұзартуға қатысты шешім дайындадық, мемлекет басшысы оны қабылдады. Осылайша, ШОБ субъектілерін тексеруге мораторий 2023 жылдың соңына дейін ұзартылды. ШОБ субъектісі халықтың өмірі мен денсаулығына әсер ететін болса, мемлекет оның қызметін тексеруге құқылы», – деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Айта кетсек, кәсіпкерлерді заңсыз тексеру оқиғалары бірнеше өңірде ушыққан еді. Мысалы, бұған дейін Қызылорда облысы прокуратурасы аймақтағы бизнес-ахуалды жақсарту мен әкімшілік кедергілерді жою мақсатында бірқатар жұмыс атқарған. Мобильді топтарға кәсіпкерлерден 2020 жылы 13 арыз-хабарлама түссе, 2021 жылы 30 арыз-хабарлама тіркелген. Ал бизнесті қорғау бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 17 прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, 117 кәсіпкердің құқығы қорғалыпты. Сол сәтте 16 шенеунік тәртіптік, 1 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылса, 2 заңсыз тексерудің және кәсіпкерлерге қатысты 9 әкімшілік өндірістің күші жойылған. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс бойынша білім беру қызметін көрсеткен 75 жеке балабақшаның 192,9 миллион теңге бюджет берешегінің төленуі қамтамасыз етілген. Енгізілген прокурорлық қадағалау актісінің қаралу нәтижесімен өткізілген мемлекеттік сатып алу бойынша 35 кәсіпкердің жалпы сомасы 33 миллион теңге банктік кепілдемелері кері қайтарылғаны белгілі болды. Бұған қоса құқық қорғау органдарының бизнес субьектілердің қызметіне заңсыз араласуының алдын алу және адал кәсіпкерлердің құқығын қорғау мақсатындағы қаржылық мониторинг агенттігінің «Бизнесті қорғау» жобасы таныстырылды.

М.СНАДИН