Пандемияның әсерінен елдегі той бизнесі тоқтады. Оның салдарынан облыстағы 128 мейрамхана зардап шекті. Қазір қол қусырып отырғысы келмеген кәсіпкерлер мейрамханасын әртараптандыруда. Мысалы, облыстағы 15 тойхана өз қызметін өзге салаға бағыттады. Арал ауданындағы «Ақ ниет», «Алмаз» мейрамханасы сауда саласына ауысса, «Хан шатыры» тойханасы асхана қызметін көрсетуде. Қармақшы ауданында «Мирас», «Алтын ғасыр» тойханасы құрылыс, киім-кешек дүкеніне айналды. «Малике ана» кондитер өнімдерін шығару және балалар ойын алаңын ашса, «Айқын» тойханасы құс шаруашылығымен айналысуда. Ал қаламыздағы «Арман» мейрамханасы сауда орталығына айналды.
– Әлемде болып жатқан ахуал кәсіпкерлік саласын айналып өтпеді. Мейрамхана қызметі тоқтап қалды. Бұл мен секілді кәсіпкерлерге өз қиындығын тигізді. «Арман» мейрамханасын сауда-саттық дүкеніне айналдырдым. Бүгінде коммуналдық төлемдерді қабылдайтын касса, ұялы телефон жөндейтін және олардың құрылғыларын сату орындары, киімдер дүкені орналасқан, – деді кәсіпкер Өмірсерік Арыстанов.
Мұнан өзге де бірнеше мейрамхана ғимараттарын өндіріске айналдыру жобасын қолға алуда.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!