Облыста соңғы 10 айда кәсіпкерлік саласы қарқынды дамыған. Сәйкесінше, жыл басынан бері өңірде тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 22,3 пайызға өсіп, 69 415 бірлікті құрады. Нәтижесінде, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің саны 27,5 пайызға ұлғайған. Жалпы республикада шағын және орта кәсіпкерлік санының өсу көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы 4 орында. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбәраков хабарлады.
-Өздеріңіз білетіндей, экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету, тұрақты жұмыс орындарын құру мен кірісті ұлғайтудың басты негізі – кәсіпкерлікті дамыту екені белгілі. Биыл облыста кәсіпкерлік саласын қаржылай қолдау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде өңірде шағын және орта кәсіпкерлік саласы айтарлықтай дамып келеді. Сонымен қатар биыл өнеркәсіп саласында да оң динамика қалыптасты. Атап айтқанда, он айда өңдеу өнеркәсібінде 194 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, 8,3 пайызға артты. Бұдан бөлек индустрияландыру бағдарламасы аясында биыл 4 млрд теңгені құрайтын 5 жоба іске қосу жоспарланса, бүгінде оның 3-і жұмысын бастады. Тағы бір айта кететін жайт, облысқа отандық және шетелдік инвестиция көздерін тарту – басты міндеттердің бірі болды. Осы жылы аймаққа 290,9 млрд.теңгеден астам инвестиция тартылып, жоспар 77,8%-ға орындалды. Нәтижесінде, инвестиция тарту бойынша біздің облыс 1 орында, – деді басқарма басшысы Қамбарбек Мүбәраков.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!