Пандемия өңір экономикасының дамуына айтарлықтай кері әсерін тигізді. Өйткені облыс экономикасы мұнай өндірісіне тәуелді. Мәселен, өткен жылы мұнай өндірісі көлемінің 13%-ға төмендеуі салдарынан өнеркәсіптік өнім 10,7%-ға азайды. Жалпы пандемия кезінде ғана емес, соңғы 7 жылда облыста мұнай өндірісі екі есеге дейін азайып, 5,5 млн тоннаға дейін төмендеді. Өткен жылы да бұл көрсеткіш 1 млн тоннаға азайып, өндіріс көлемі 4,6 млн тоннаны құрады. Нәтижесінде мұнай өңдеуші ірі кәсіпорындардан түсетін салық көлемі орташа есеппен 4,2 есеге азайған.
Бұл облыс экономикасының дамуына кері әсер берері сөзсіз. Одан бөлек, пандемия шағын және орта кәсіпкерлік саласына ауыр тиді, ахуал әлі де болса күрделі. Бұл мәселені оңтайлы шешуде жан-жақты жоспар құрылуда. Өткен жылы экономиканың аса зардап шеккен 9 саласында облыс бойынша 10795 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан кәсіпкер арасында сауалнама жүргізілді. Оған облыс бойынша 11 064 қызметкері бар 3680 кәсіпкерлік субъектісі қатысты. Сауалнама нәтижесіне сәйкес облыс бойынша кәсіпкерлік саласындағы қызметкерлер 31% немесе 3 мыңнан астамы қысқартылған және 32% қызметкерлер жалақысы сақталмайтын еңбек демалысына жіберілген. Осыдан-ақ кәсіпкерлік саласындағы пандемияның зардабын аңғаруға болады.
Статистикалық деректер бойынша 2021 жылғы 1 қаңтарға облыста 48 657 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасап жатыр (жеке кәсіпкерлер – 67%, шаруа қожалықтары – 21% және заңды тұлғалар – 12,0%). Өсім – 5,1%.
– Өткен жылғы төтенше жағдай, карантинге қарамастан қызметімізді тоқтатпадық. Қызметкерлеріміз төтенше жағдайда 24/7 режимінде жұмыс жасады. Оффлайн алынатын қызметтерді жағдайға тез бейімделіп, онлайн алу мүмкіндігін енгіздік. Нәтижесінде 2020 жылдың қорытындысы бойынша Палата кеңесшілері 1677 кәсіпкерлік субъектісіне 1785 қызмет көрсетті. Оның ішінде онлайн – 576 қызмет, офлайн – 1209 қызмет, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!