Аймақта ағымдағы жылдың 6 айында өңдеу өнеркәсібі саласында 79,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Өткен жылдың есептік мерзімінде бұл көрсеткіш 69 млрд. теңгеге тең болды. Яғни биыл салада 14,6 пайызға өсім бар. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев мәлімдеді.Жарты жылдықты қорытындылаған Ринат Қалдыбекұлы алдымен облыстағы индустрияландыру бағдарламасының ІІІ-ші бесжылдығы аясында жоспарға енген жобаларға тоқталды. Айтуынша аймақта жалпы құны 543 млрд. теңгені құрайтын 41 жобаны жүзеге асыру бағытында жұмыстар атқарылуда. Бұл жобалар іске қосылғанда 7 мыңнан аса жаңа жұмыс орны қалыптаспақ. Аталған жобалардың алғашқы легі өткен жылы өз жұмысын бастаған. 1,9 млрд.теңгені құрайтын 5 жобаның іске қосылуы нәтижесінде 188 қызылордалық жұмыспен қамтылған.Ал индустрияландыру бағдарламасының бірінші және екінші бесжылдықтары аясында өңірде құны 150 млрд.теңгені құрайтын 26 жоба жүзеге асқан. Сол арқылы 1 мың 700 жұмыс орны ашылған болатын. Іске қосылған жобалар осы жылдың 6 айында 22,5 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, цемент, тұз, балық, пропан-бутан, аммоний метаванадаты сынды 5 түрлі өнімді 12 елге экспорттаған. Брифингте шыны зауытының құрылысы да сөз болды. Бүгінде зауыт құрылысы 85%-ға, монтаждау жұмыстары – 37%-ға орындалған. Зауытты іске қосу мерзімі 2021 жылдың II жартыжылдығына жоспарлануда.«Біз өз тарапымыздан – зауыт үшін инженерлік инфрақұрылым тарту бойынша барлық жұмыстарды орындадық. Енді қалғаны – балқыту ваннасы мен күйдіру пешінің жабдығын монтаждау. Бұл жұмыстарды орындау елімізде жоқ, жоғары білікті мамандарды қажет етеді. Карантиндік шараларға байланысты жабдықтау монтаждау бойынша мамандар елге келе алмады. Дегенмен, Үкіметтің арнайы комиссиясының рұқсатымен осы жылдың сәуір айынан бастап шетел мамандары зауытқа келіп, пештің өру жұмыстарын бастады. Шыны зауытының іске қосылуымен біз кем дегенде 8 ілеспе өндіріс құруды көздеп отырмыз. Инвесторлармен бірлесіп шыны зауытының айналасында 2 жобаны іске асыру бойынша жұмыстар басталды. Барлық ілеспе өндірістердің айналасында жаңа кәсіптерді игере отырып, шамамен 400 жұмыс орны ашылмақ. Одан басқа жобалар да жоспарға сәйкес іске қосылатын болады», – деді Р.Қалдыбекұлы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!