Қай дүкенге барсаңыз да Dalatex-тің көйлегін көзіңіз шалады. Бағасы да әдемі, матасы да жақсы. Сапалы өнім екенін тез аңғаруға болады. Әуелі ерлердің жейдесін тіккен фабрика кейіннен қыздардың көйлегін де нарыққа шығарды. Ал төтенше жағдай кезінде елге бетперде жетпегенде бұл істі де қолға алды. Таңғы 9-да жұмысын бастайтын тігіншілер түнгі 10-ға дейін де тігін машинасынан түспеді. Жұмыс қауырт, тапсырыс уақытылы жету керек. Есесіне жалақысы да еңбегіне татырлық. Сондай-ақ еңбек ақысы уақытылы төленеді. Бүгінде бұл компания арнайы киімдер тігуде. Фабриканың балаларға арналған мектеп формасын да тіккені белгілі. Ол кезде де отандық өнімге сұраныс артқан. Жейденің балаларға да арналған кез келген үлгісі сатылымда. Аталмыш фабриканың пандемия кезіндегі қайырымдылық шаралары үлгі етуге тұрарлық.

– Тігін фабрикасы бастады, өзгелер қоштады. Сыр өңірінің халқы қайырымды екенін тағы бір дәлелдеді. Ел басына күн туған шақта, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, халыққа жанашырлық танытты. Мүмкіндігінше көмегін аямады. Соның бірі – бетперде тігіп, тегін тараттық, – дейді Dalatex тігін фабрикасының атқарушы директоры Нұргүл Кусаева. Фабрикаға кірген бойда тігін машинасынан бас көтермей отырған қыздарды аңғаруға болады. Әрқайсысы өз жұмыстарын атқарып отыр. Жан-жағына жалтақтап, әрі-бері жүрген адамды байқамайсыз. Dalatex – бүгінде нарыққа отандық өнім шығаратын бірден-бір тігін фабрикасы. Компания өндірген тапсырыс шет елдерге экспортталуда. Фабрика бүгінде 45-ке жуық адамды жұмыспен қамтуда. Сондай-ақ компания жылына 70-80 мың жейде тігеді. Фабрика ашылғалы бері осында қызмет етіп келе жатқандар көп. Соның бірі – Майра Асылбекқызы.

– 1997 жылдан бері тігін машинасы қолымнан түскен емес. Тігіншілік – қашанда сұранысқа ие мамандық. Әсіресе бүгінгі күні бәріміз сәнді әрі талғаммен киінгіміз келеді. Қанша мамандық болса да, бұл өнерге деген сүйіспеншілігім ерекше. Сол үшін әлі күнге дейін киім тігіп, құрақ көрпе құраудан бір қадам да алыстамадым. Ертеден өміршеңдігін жоймаған бұл өнерді тұтынушы талғамына жəне заманға сай үлгіде нарыққа ұсынып жүрміз, – дейді тігінші Майра. Тігін шеберханасы мамандарды өздері де дайындап шығарады. Жұмыс істейтін маман, сөз жоқ, отандық өнімді арттыруға үлес қосады. Былтыр берілген мектеп формаларының барлығы да осы тігіншілердің қолынан шыққан.

– Бүгінде фабрикада 50-ге тарта адам жұмыс істейді. Оның ішінде тігіншілердің көпшілігі арнайы білім алған. Кейбір қыз-келіншектерді өзіміз үйретіп, мамандандырып жатырмыз. Dalatex әлеуметтік жағдайдың реттелуіне де үлес қосуда. Халықты отандық өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, үйде отырған жұмыссыз қыз-келіншектердің табыс табуына ықпал етті. Қазір фабриканың жанында тігіншілерді оқытатын оқу орталығы ашылды. Орталықты бітірген тігіншілерді жұмысқа алуға мүдделіміз, – деді Dalatex атқарушы директоры.

Жаннита Қалилаева

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!