KAZINFORM – Мәжіліс «тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасымен Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов таныстырды.

Оның мақсаты — қазақстандық тауар өндірушілерді дұрыс сәйкестендіру, тауар және оны өндіруші туралы ақпаратқа бірыңғай қол жеткізу, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларды арттыратын тізілімді енгізу. 

Аталған заң жобасы Президенттің 2023 жылғы Жолдауын іске асыру аясында әзірленді, яғни импорттық тауарларға тәуелділікті төмендету, жоғары локализация деңгейі бар өндірістік циклды қалыптастыру, заманауи технологияларды жеткізу, олардың трансферті мен жаңа өндірістерді локализациялау. 

— Қазір қолданыста үш түрдегі сертификат бар, ол «СТ-KZ», индустриалды сертификат және экспорттық тауар шығу сертификаттары. Бұл сертификаттарды «Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасы береді. Заң жобасы аясында қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімін енгізу жоспарлануда, ол қолданыстағы барлық өндірушілер тізімін біріктіріп, «СТ-KZ» сертификаттары мен индустриалды сертификаттарды функционалды түрде алмастырады, — деді Дүйсенбай Тұрғанов Мәжіліс отырысында заң жобасын таныстыра тұрып. 

Оның айтуынша, қазір сертификаттау процесі едәуір уақыт алады және қаржы шығындарын талап етеді, бұл шағын және орта бизнес үшін қиын. Жаңа сертификаттар ақылы және жеке сарапшылардың қорытындысы негізінде беріледі.

— Қазір ұсынып отырған тізілімге кәсіпорындар ақысыз енгізіледі және оған қосылу мерзімі бойынша шектеулер болмайды, бұл бизнес үшін уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Әзірленіп жатқан тізілім СТ-KZ сертификаттары мен өнеркәсіптік сертификатты беру тәртібімен байланысты анықталған кемшіліктерді ескере отырып, тауар өндірісін растау жүйесін жетілдіруге бағытталған. Қазір сертификаттау процесі жоғары деңгейдегі адами фактор ықпалына ие және мемлекеттік ақпараттық жүйелермен, өндірушілердің бірыңғай дерекқоры жоқ. Бұл сертификаттау процесінің ашықтығына қауіп төндіреді, — дейді ол.

Жаңа тізілім толыққанды ақпараттық жүйе болады және құжаттарды сараптама өткізу үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктіріледі. 

Тізілімді жүргізуге жауапты уәкілетті мемлекеттік орган — Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі. Тізілімді қалыптастыру және жүргізу бірнеше кезеңнен тұрады: өтініш беру, цифрлық верификациялау, өндірісті бағалау және тізілімге қосу немесе қоспау туралы шешім қабылдау.
Тізілімді енгізу Қазақстанда жұмыс істейтін тауар өндірушілері туралы өзекті ақпаратқа қол жеткізудің бірегей негізін құруға мүмкіндік береді.

— Қазір тауар топтарын уәкілетті мемлекеттік органдарға бекіту, ұлттық классификаторды жаңарту бойынша салалық және ведомствоаралық комиссия құру пысықталып жатыр. Сондай-ақ тауар, жұмыс, қызмет стандарттары және жүйелі тізімге көшу үшін қажетті құралдарды жасау жұмыстары жүргізілуде. Заң жобасын қабылдағаннан кейін қазақстандық тауарлар тізілімін енгізу бойынша нормативтік құқықтық актілер әзірленеді. Заң жобасын қабылдау экономикалық, әлеуметтік, құқықтық немесе экологиялық теріс салдарларға әкелмейді, — деп толықтырды Д. Тұрғанов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!