Ақбота САДЕНОВА, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы халықты жұмыспен қамту бөлімінің басшысы:

Бүгінде кәсіп бастауға ниетті жастың қатары мол. Оларды қолдау мақсатында көптеген жеңілдік пен бағдарламалар қолға алынғанын білеміз. Соның ішінде 1 миллион 200 мың теңгені құрайтын қайтарымсыз қаржы да жастарға бағытталуда. Үміткердің жасы 29-дан аспауы керек әрі жоспары айқын болуы шарт. Әрине, жұмыссыз санатында болуы – басты талап. Айта кетерлігі, сәуір айынан бастап жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін қайтарымсыз грант беру шарттарына өзгеріс енгізілді. Мемлекеттік грант мөлшері 1 225 200 теңгеге жетті. Сондай-ақ гранттар тұтынушылық мақсаттарға, несиелік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді. Грантты кім алуға құқылы, қандай мақсатта алса болады? Бұл сұрақтарға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы халықты жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Ақбота Саденова жауап берді.

– Қайтарымсыз грантты алуға әркім-ақ дәмелі. Осы орайда 1 млн 200 мың теңге кімдерге берілетінін тарқатып айтсаңыз…

– Мемлекеттік грант бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаға қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі. Көлемі – 400 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшер. Грант бір рет беріледі. Сонымен қатар бұрын мемлекеттік грантқа барлық санаттағы азаматтар үміткер болса, биылдан бастап тек 29 жасқа дейінгі жастар мен әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар ғана ала алады. Әлеуметтік осал топтарға атаулы көмек алушы отбасы мүшелері, көпбалалы отбасы мүшелері, мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатын адамдар және қандастар жатады.

– Тағы қандайда бір шектеу бар ма?

– Айта кететін жайт, аталған санаттағы азаматтар жұмыспен қамту органдарында тіркеуде тұрған жұмыссыз немесе мәртебесін ресімдеу мерзімі 1 жылға дейінгі жеке кәсіпкер болуы міндетті. Оған қоса Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер немесе жеке қосалқы шаруашылықта жұмыс істейтін азаматтарда талапқа сай келеді. Сондай-ақ грантқа үміткер кемінде 1 жыл тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеу туралы мәліметтерді ұсынады.

–Үміткерлер қажеті құжаттарды электронды нұсқада жіберсе бола ма?

– Әрине. Биыл грант беру процесі электронды түрде өтеді, яғни адами фактор жойылып, грант алуға үміткердің талапқа сай келетіндігі (келмейтіндігі) жүйе арқылы анықталады. Бұл ретте үміткер өтінімін 1 сәуірден бастап іске қосылған «Business.Enbek» порталына электронды цифрлық қолтаңба арқылы тапсырады. Шешімді грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі арнайы комиссия шығарады. Комиссия жұмыспен қамту орталықтарының жанынан құрылады. Құрамында «Атамекен» облыстық кәсіпкерлік палатасының өкілі, қоғамдық бірлестіктер, қоғамдық-танымдық ұйымдар, бизнес, БАҚ өкілдері және сала мамандары қамтылады. Комиссия отырысында үміткер бастапқы бизнес-жобасын таныстырады. Комиссия қолдаған жағдайда үміткер портал арқылы банк шотының нөмірін береді.

– Грантты қандай мақсатта алуға болады?

– Орынды сауал. Әрбір үміткер үшін есте сақтауға тиіс талап бар. Мәселен, грант қаражаты бизнес-жоспарға сәйкес ғана пайдаланылуы керек. Нақты айтқанда, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, жануарларды, өсімдіктерді, тұқымдарды сатып алу, үй-жайды жалға алу үшін жұмсалуы тиіс. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының қатысушылары грант алуға үміткер бола алмайды. Егер жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысушы өз қатысуын дәлелсіз себеппен өз бетінше тоқтатса, онда 1 жыл ішінде грант алуға үміткер болуға құқығы жоқ.

– Қайтарымсыз қаржыны қанша адам алады?

– Грант алушы 1 жыл ішінде порталда есеп беру арқылы қаражаттың мақсатты пайдаланылуын растайды. Бұл ретте Халықты жұмыспен қамту орталықтарымен гранттардың мақсатты пайдаланылуына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Биыл облыс бойынша 3437 адамға грант беру межеленуде. Грант беру 12 ай ішінде лек бойынша жүзеге асырылатын болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!