Бүгін қала әкімі Ғанибек Қазантаев «Темір жол» паркінде жергілікті кәсіпкерлермен кездесті.
Кездесу барысында Қызылорда қаласында кәсіпкерлікті дамыту, жер мәселесі және бизнес-ахуалды жақсарту талқыға салынды.
Қызылорда қаласының сәулеттік келбеті, оның ішінде бас жоспарға сәйкес кәсіпкерлерге ұсынылатын жер учаскелерінің қоры, жер учаскелерін кәсіпкерлерге ұсыну тәртібі, сондай-ақ, кәсіпкерлер үшін көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар жөнінде тиісті сала басшылары тарапынан баяндама жасалды.
Қалада кәсіпкерлікті дамыту бағытында қабылданған шаралар нәтижесінде өсу көрсеткіштері қалыптасып келеді.Қала кәсіпкерлерінің сұранысына сәйкес, жерді жалға алу немесе сату жөнінде өткізілген аукциондардың нәтижесінде ағымдағы жылы 54 кәсіпкерлік субъектіге 26 мың 038 шаршы метр жер учаскесі берілді.
Аталған жұмыстардың жалғасы ретінде, жергілікті кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Қызылорда қаласы аумағында орналасқан тұрғын аудандар мен жаңадан ашылған тұрғын аудандардан шағын базарлар, қызмет көрсету бағытында шаштараз, монша, дәріхана, наубайхана т.б. кәсіп түрлерін ашу үшін жер телімдері ұсынылуда.
Бұдан бөлек, ауылшаруашылығы жануарларын жем-шөппен, егіс алқаптарына дән дақылдарды егіп, халықты ауылшаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету, мал шаруашылығы үшін жайылымдық жер учаскелерін кәсіпкерлерге ұсыну мәселесі қаралды.Қала әкімдігі ұсынған жер учаскелерінің біріне «КЗО ЕТ» жеке кәсіпкерлігі мал базарын салуға қызығушылық танытты.
Қала әкімі Ғ.Қазантаев жастарды кәсіпкерлікке тарту және жастарды қолдау қазіргі таңда маңызды мәселелердің бірі екендігіне тоқталып өтіп, Ресей Федерациясындағы жоғарғы оқу орындарын бітіріп келген жастарды, қаламызда кәсіптік және техникалық колледждердің бітіруші түлектерін, «Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламасы аясында оқу орындарын бітірген жастарды жұмысқа орналастыруға, кәсіпкерлікке тарту бағыттарында қолдау көрсетуге шақырды.
Сонымен қатар, жас кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беру мақсатында қала әкімдігіне қарасты бөлімдерге аптасына екі мәрте ашық есік күнін ұйымдастыруды тапсырды.Кездесу соңында қала әкімі кәсіпкерлермен жиі кездесіп, әр кездесуде берілген тапсырмалар нәтижесін талқыға салатынын жеткізді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!