Бұл – әрбір бастауыш кәсіпкер бас қатыратын сауал. Шындығында көз жұмып, бірден кәсіп бастаймын, бүгін іс бастап, ертең пайдаға кенелемін деу қате. Оған бірінші ізденіс керек. Қуантатыны, қазір идеяны игілікке айналдырып, жаңа бағытта жұмыс істеуге мүмкіндік мол. Әсіресе, бизнеске енді қадам басқан жастардың тәжірибелі маманнан кеңес алып, нәтижеге жетуіне жағдай жасалуда. Тек алға ұмтылыс керек, мүмкіндікті қалт жібермеу маңызды.
Бүгінде шағын және орта бизнесті нығайту мақсатында ұлттық жоба іске асуда. Өңір жастарының бұл бағдарламадан ұтары көп. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарма басшысының міндетін атқарушы Азамат Каюпов жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға жәрдемдесу мақсатында жыл сайын 5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз мемлекеттік грант беру ұйым­дас­тыры­латынын алға тартады. Биыл мемлекеттік грант беруге 115 миллион 518 мың теңге бөлінген. Оның ішінде 70 миллион теңге қаржы тек 29 жасқа дейінгі жас кәсіп­керлердің жо­ба­ларына арналып отыр. Мемл­екеттік грант конкурсын өткізу үшін Үкіметпен арнайы қағида белгіленген. Жыл басында қағидаға өзгерістер де енген. Онда әлеуметтік осал топтағы азаматтарға бұрын-соңды қарастырылған жеңілдіктер алынып тасталды, яғни бұрын бұл санаттағы кәсіпкерлерден жаңашыл бизнес-идеямен қатысу, грант сомасын бірлесіп қаржыландыру талап етілмейтін. Биылдан бастап конкурсқа қатысушы барлық кәсіпкерлерге қойылатын міндетті шарт – грант сомасының 20% көлемінде бірлесіп қаржыландыруы, жұмыс орындарын құруы маңызды. Конкурстың қорытындысы негізінде кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен беріледі. Іріктеуге әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері, акцизделетін өніммен байланысты қызметті жүзеге асыратын «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының қатысушылары және экономиканың басым секторларындағы ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлер қатысады.
– Конкурсқа өтінім платформа арқылы қабылданады. «KEZEKTE.KZ» сайтына кіріп, өтінім беру үшін кәсіпкер ретінде тіркелуі, ЭЦҚ және ЖК, ЖШС атынан банктен ашылған ағымдағы шоты болуы міндетті. Айта кету керек, кәсіпкер бір ғана өтінім беруге құқылы. Мемлекеттік грантты тағайындауды комиссия құрамы шешеді. Биыл оның құрамына қоғамдық бірлестіктер, ғылым, білім беру мекемелері, салалық сарапшылар, БАҚ, жергілікті атқарушы орган өкілдері кірді. Сондай-ақ, облыстық маслихат депутаттары, БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар және саяси партиялардың өкілдерінен байқаушылар қатысады. Конкурс ашық түрде өткізіліп, аудио-бейне жазба да жүргізіледі, – дейді А.Каюпов.
Бұл – еңбек деген аталы сөзді ту етіп, істің қай түрін болмасын дөңгелетіп әкететін жастардың бастамалары жалғасады деген сөз. Әрі нарық заманында қос қолды қалтаға салып жатпай, өзіне қолайлы кәсіпке серпін сыйлайтын жастар қатарының артуына себепші.

А.СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!