Нұр-Сұлтан қаласының көп бөлігі қызылордалықтар. “Жерлес” деп бір-бірін танысын-танымасын өте жақсы араласып кетеді. Оның үстіне қызылордалықтардың whatsapp группасында арнайы тобы бар. Айына бір рет бас қосып, шай ішуді әдетке айналдырған. Әрине “Қазалы” конфетімен. Осылайша қызылордалық конфет елдің түпкір-түпкірінде танымалдылыққа ие.

Отбасыммен Нұр-Сұлтан қаласына жылына бір рет барып тұрамыз. Сол кезде “Қазалы” конфетті бірінші береміз. Өйткені бауырларым жақсы көреді. Әпкемнің үйінен бұл конфетті жиі кездестіреміз. Дәмі тіл үйіретін конфеттің көп түрі шығарылады. Түрлері бөлек болғанымен дәмінің ерекшелігі сол қалпы сақталған. Бірде ескі базарға бардым. Бір қарт кісі осы конфеттен 10 келі алып жатыр екен. Сатушы түр-түрінен салып беруде. Сөйтсем бұл конфет те Алматыға жіберілмек екен. Ол қуанған қалпы “Базарда конфет сатып тұрғаныма бір шама уақыт болды. Бір байқағаным “Қазалы” конфеті жақсы өтеді. Бір-екі келі қылып емес, көптен алып кететіндер көп. Сосын әр түрінен араластырып алып жатады. Сондықтан да өзге затты сатқым келмейді”, – дейді әңгіме барысында сатушы.
Расында бұл конфетті ұнататындар көп. Бұл Қазалы ғана емес, Қызылорданы көпшілікке таныстырды. Қазалылық кәсіпкер Сандуғаш Әбілхасымқызы Қазалының бренді саналатын «Қазалы» конфетінің 8 түрін шығаруда. Олардың арасында ащы кәмпитпен қатар, рокс, соломка, барбарис, апельсин, лимон, дюшес, шоколад сияқты түрлері бар.
“Бүгінде “Қазалы” конфетіне сұраныс жоғары. Сондықтан да түрлерін өзгертіп, көбейтуді қолға алдық. Қазір конфеттің түр-түрі бар ғой. Дегенмен де “Қазалы” конфеті өзінше сұраныста. Оны күнделікті жейтін адамдар бар. Сондықтан ба бұл сұраныстан түспейді. Бізде кәсіпті одан әрі дамытуды қолға алдық”, – дейді кәсіпкер Сандуғаш Әбілхасымқызы.
Ол бұл кәсіппен айналысуды 2018 жылы бастапты. Бастапқы уақытта конфеттің 3-4 түрін шығарған. Әдепкіде дайын өнімдерді аудан орталығындағы сауда нүктелеріне өткізген. Кейін бұл конфеттің дәмін татқан жандардан сұраныс көбейіп, тіпті көрші аудандардан да тапсырыстар түсіп, конфет түрлерін көбейтуді жоспарлайды.
Отбасылық кәсіпті қолға алу кімнің болса да арманы. Ал оны мақсатқа айналдыру бүгінде қиын шаруа емес. Себебі мемлекеттен қандай да болсын қолдау көрсетілуде. Жеке кәсіпкердің қызы МеруертТемірбай анасына қолғабыс қылуда. Ол өткен жылы «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқу курсынан өтіп, 555 600 теңге грант иегері атанды. Бұл қаржыға конфет шығару цехына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған.
“Конфет шығару оңай шаруа емес. Жауапкершілігі ауыр. Қоспалары да көп. Арнайы құрылғымен жасалады, арнайы кондитер мамандарымыз да бар. Ойлана келе, отбасылық кәсіпті жалғастыруды қолға алдым. Барлық мақсатым бастаған істі әрі қарай дамыту. “Қазалы” конфетіне сұраныс өте көп. Өз ісіне ұқыпты мамандардың арқасында үлгеріп жатырмыз. Анама қолғабыс еткеніме қуаныштымын”, – дейді жас кәсіпкер.
Шағын цехтағы 3 кондитер маманы күніне 100-150 келі конфет түрлерін дайындайды. Сандуғаш Әбілхасымқызыалдағы уақытта конфет түрлерін 1 келілік дайын қаптамаларда шығаруды жоспарлап отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!