Жақында халықаралық «Түркістан» газетінен құрттың суынан дәрі әзірлеген Әбдібек Қалибек жайлы мақаланы көзіміз шалды. Қытайдың Үрімші қаласында туып-өскен ол Жапонияның орталық ауруханасында қызмет етеді екен. Қазақ медицинасының тарихын зерттеп, әдеп-ғұрпымыздың медицинамен байланысы барын алға тартып жүрген жастың жаңашыл жобасын тарқатсақ.
Әбдібек Шыңжаң медициналық университетінде клиникалық медицина мамандығы бойынша білім алған. Дәрігерліктен бөлек, жеке кәсіппен айналысады. Дәлірек айтқанда, медициналық туризммен. Бұл – өзге елге келген науқасты күтіп алып, әуежайдан қонақүйге әкеліп, сосын ауруханаға жол көрсетіп, қажетті бағыт-бағдар беретін сервис түрі. Бұдан бөлек, кейіпкеріміз дәрі-дәрмек жасап, оны Қазақстанға экспорттайды. Он жыл бойы клиникалық тест жасап, ойлап тапқан үш түрлі биоқоспасы бар. Жыл соңына дейін лицензия алса, оны алдымен Жапонияға, сосын «Қазақстанға арналған» деп жазып, елге жіберуді жоспарлап отыр.Биоқоспаның бірі адамның иммунитетін көтеріп, қартаюдың алдын алып, ішек құрылысының жұмысын реттейді. Сосын өзіміздің ұлттық тағамымыз құрттың сары суынан тағы бір биоқоспа дайындауда. Оны «Фузилакс» деп атаған. Өнімді әрі атауын патенттеген. Бұл дәрі де иммунитетті көтереді, сосын оның спортшыларға тигізетін пайдасы көп деседі. Олар әдетте бұлшықетін қатайту үшін көбіне ақуыз ішіп жатады ғой. Құрттың суының да сондай қасиеті бар. Бұл қоспаның ішінде он алты түрлі құрам кездесетін көрінеді.
– Медициналық білім алып, Токиода түрлі эксперимент жүргізген кезде іздегенім мұрнымның астында тұрғанын білдім. Бұрын құрт жасаған кезде жиналған сары суды кішкентай балалар мен келіндеріне ішкізетінін үнемі көретінмін. Кейде құртын ғана алып, суын жерге төге салатындар бар. Бірақ дәрігер ретінде айтайын, бұл сары судың пайдасы зор. Алдағы уақытта көпшіліктің бұған көзі жетеді деп ойлаймын, – дейді дәрігер.
Мөлдір СНАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!