Халық арасында 2,5 па­йыз­дық несие аталып кеткен жастар­ға арналған жеңілдетілген не­сие­ге құжат қабылдау қарқынды жүргі­зілуде. Қазір көпшілікті ойлан­дырған сан сауалдың қатарында бағ­дарлама бойынша несие кімге, қалай, қандай тәртіппен беріледі деген сұ­рақтар көш басында. Осы мақсатта Қызылорда облысы кәсіпкерлер па­ла­тасындағы Қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Әсел Алушаева аталған сауалдарға жан-жақты жауап берді.

Ғайдуллақызы, жауапты мемлекеттік органдар кәсіппен айналысқысы келетін жастарға арналған жеңілдетілген несиеге құжат қабылдау наурыз айында басталады деген болатын. Жұмыс басталды ма? Бұл несиені кімдер ала алады?
– Жеңілдетілген несие 2,5 процентпен жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында беріледі. Облыста бұл бағдарлама бойынша өтінім қабылдау басталды. Құжаттарды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда облыстық филиалы жинақтап жатыр. Жеңілдетілген несиені 21-35 жас аралығындағы барлық азамат ала алады. Шектеу қойылмаған. Студент те, жұмыс істейтін, жұмыссыз жастардың да мемлекеттік бағдарламаға қатысуға мүмкіндігі бар. Ол үшін кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелуі керек. Бұған дейін кәсіпкер болып тіркелгендердің мерзімі 5 жылдан аспауы қажет. Несие мал шаруашылығы үшін 7 жылға, өзге бағыттарға 5 жылға беріледі. Несие сомасы 5 млн теңгеге дейін.
Әсел Ғайдуллақызы, жас кәсіпкер несие алу үшін жүріп өтетін барлық жолды кезең-кезеңімен айтып бере аласыз ба?
– Әрине. Бірінші жас кәсіпкер сенім білдірілген өкілге, яғни «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда облыстық филиалына құжаттар өткізеді. Оған қандай құжаттар керек деген заңды сұрақ туындайтыны анық. Несие алуға үміткердің жеке куәлігі, несие тарихы, бизнес-жоспары, кепіл мүлкі, кепілге қойылатын мүліктің, сондай-ақ кепіл берушінің құжаттары, кепілге қойылған мүлікті бағалау есебі, екінші деңгейлі банктегі арнайы есеп-шоты керек. Ең басты талаптардың бірі – несие тарихы. Мемлекеттік бағдарламаға қатысушының соңғы 2 жылдағы несие тарихы мұқият тексеріледі. Кешіктірілген несие төлемдерінің мерзімі 180 күннен аспауы тиіс. Несие алуға үміткер осы құжаттарды жинақтап, өткізгеннен кейін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда облыстық филиалы олардың толықтығын тексереді. Егер толық болмаса кері қайтарады, дұрыс болса 15 жұмыс күнінің ішінде ұсынылған бизнес-жоспарды тексеріп, бағалайды. Одан кейін аталған ұйым ары қарай құжаттарды шағын несие беру бойынша бизнес-жобаларды қарау жөніндегі конкурстық комиссияға ұсынады. Облыстық конкурстық комиссия бизнес-жоспарды қарап, шешім қабылдайды. Жобаны қаржыландыруға шешім қабылданса тараптар келісімшартқа қол қойып, жас кәсіпкердің есеп-шотына қаржы аударылады.
Әсел ханым, бизнес жоспар әзірлеуге көмектесе аласыздар ма? Несие алғаннан кейін бірден төлем бастала ма? Ол ісін жаңа бастаған азаматтар үшін ауыр емес пе?
– Кәсіппен айналысуға ниетті кез келген азаматқа біз – Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау көрсетуге әзірміз. Оған не кіреді? Біріншіден, жоғарыда айтқан түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Ары қарай бизнес-жобасын әзірлеп береміз. Одан кейін түрлі бухгалтерлік, салықтық есептерін тапсыруға көмек көрсетіп, құқықтық құжаттарының жобасын тексеріп, әзірлейміз. Бұл қызметтердің барлығы ақысыз жүргізіледі. Ауыл азаматтарына бұл қызметті Кәсіпкерлер палатасының аудандардағы филиалы көрсетеді. Кәсіп бастаған кез келген жас, кез келген азаматқа біз қай уақытта да көмек көрсетуге дайынбыз. Ал несиені алғаннан кейінгі төлемге келетін болсақ, кәсіпкер берілген мерзімнің үштен бір уақытына каникул кезеңін алуына болады. Каникул кезеңін негізгі қарызға да, сонымен бірге үстіндегі пайыздық өсіміне де алуға болады.
Кепілге қойылатын мүлікке қандай талап қойылады? Көбіне азаматтар жылжымайтын мүлікті арзан бағалады деген секілді өкпелерін айтып жатады…
– Кепілге жылжымайтын да, жылжитын да мүлік қоюға болады. Жылжитын мүлік дегенде арнайы техникаларды ғана кепілге ала алады. Жеке автокөліктерді жылжитын мүлік ретінде кепілге қоя алмайды. Ал жылжымайтын мүлікке қатысты Қызылорда қаласындағы мүлік бойынша бастапқы құнның 80 проценті, аудан орталықтарындағы ғимараттың 70 проценті, ауылдағы кепілдің 60 проценті есептеледі.
– Биылға Қызылорда облысына бөлінген қаржы көлемі белгілі ме? Қанша жасты қамтуға мүмкіндік бар?
– Жоба 2025 жылға дейін жүзеге асырырылады. Биыл біздің облысымызға 1,3 млрд теңге бөлінді. Оған 250-ден астам жастың жобасы қаржыландырылады деп жоспарланып отыр. Келесі жылға – 1 млрд 342 млн теңге, 2025 жылға 1,4 млрд теңге қаралған. Жалпы кәсіпкерлікке қатысты мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес алғысы келген азаматтар Кәсіпкерлер палатасына 8 /7242/ 40-09-81 байланыс нөмірі арқылы хабарласа алады.
Сұқбатыңызға рақмет!

Дәулет Қырдан

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!