Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында биыл мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін бюджеттен 6 млрд теңге қаржы қарастырылған.

«Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында 2,6 млрд теңге, «Еңбек» бағдарламасы аясында 3 млрд теңге, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына 300 млн теңге бөлініп отыр. Аталған бағдарламалар шеңберінде 1600-ден аса жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматқа қайтарымсыз грант, 900-ге жуық шағын бизнеске микрокредит және 200-ден астам тұрақты бизнеске несие беру жоспарлануда.

«2019-2022 жылдарға арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына өзгертулер мен толықтырулар енгізілуде. Нәтижесінде республикалық бюджеттен 111 млрд теңгеден астам қаржы алынатын болды. Жоспарға мұнайдың жаңа кен орындарын анықтайтын геологиялық зерттеу жұмыстары, ауыл шаруашылығын қолдау шаралары, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған шаралар енгізілді»,- деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай.

Сондай-ақ, биыл «Шалқия» полиметалл кен орнында тау кен байыту комбинатының және кальцийленген сода өндіретін зауыттың құрылысын бастау жоспарлануда.

Айта кету керек, кальцийленген сода өндіретін зауытқа қажетті инженерлік-инфрақұрылым республикалық бюджет есебінен жүргізілетін болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!