Жыл өткен сайын жаңаратын дүние, ашылар жаңалық, ойлап табылған техника адамзат баласының игілігі үшін жасалады. Осыдан 6 мың жыл бұрын кварц құмымен жасалған эксперименттің бүгінгі күні бірде бір ғимаратты онсыз елесетете алмайтын шыны өндірісінің өсуіне, тіптен, қажеттілікке айналуына әсер ететінін кім білген?! Шынымен бірге өмірге айна келді. 13 ғасырда медицина ғалымдарының көзәйнекке арналған линзаларды ойлап табуына да шыны себеп болды. Иә, қазіргі таңда қарапайым тұрмыстық заттардан бастап медициналық, технологиялық құрылғылар ежелгі эксперименттің нәтижесіне тәуелді. Египетте өндіріліп, қол жетпейтін, құнды тауарға баланған шыны облыс орталығы – Қызылорда қаласында да өндірілуде.

Қызылордада жасалған: Шыны мен шығын


Бұл жыл бұрынғылардан өзгерек…
Шыны зауытының атынан «атағы» алда екені жасырын емес. 2006 жылы зауыт салу идеясы жан-жақты талқыға салынып, мемлекет тарапынан құпталған соң британдық компаниямен келісімшарт жасалды. Бұл идеяны тұңғыш президенттің өзі де қолдады. Бірақ араға жыл салмай-ақ британдық компания келісімшарттан бас тартқан еді. Осылайша «болар істің» басына келер бір жақсы табылмай, тұралап қалған-ды.

Кейіннен индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бекітілгенде Қазақстанның инвестиция қоры мен «Бәйтерек» холдингі америкалықтармен бірлесіп «Orda Glass ltd» серіктестігін құрды. Идеяны іске асыру үшін 2015 жылы «China Triumph International Engineering Co» атты қытайлық компаниямен келісімшарт жасасты. Алайда америкалықтар да жобаның құрамынан шығып қалуына байланысты қытайлық компания зауыттың құрылысын соңына дейін жеткізіп, іске қосуға дайын тұрған тұста пандемия аяқтан шалды. Осылайша, он шақты жыл бұрын ұсынылған идеяның шындыққа айналуы бірнеше кезеңге бөлініп, 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығында зауыт іске қосылып, пеші қыздырыла бастады. Зауыттан өнім бірден шыға кетпейтіні, пешті қыздыру уақыт алатыны бұған дейін де айтылған еді. Көптің көңілінде алаң, кәсіпкерлік саласында шу туғызған шыны өндірісі техникалық ақаулармен тағы да тұралап қалды. Арада бірнеше ай өтті.
«Бетпе-бет» хабарында эксклюзивті сұхбат берген аймақ басшысы 2022 жылдың қазан айынан бастап Қызылорданың алғашқы шынысы жасап шығарылғанын айтты. 42 млрд теңгеге дейін инвестиция жасалған ірі жоба өткен жылдан бастап қайта жанданды. «Бүгінде 17 мың тонна шыны Астана, Алматы, Шымкент қалаларына жөнелтілді, алдағы уақытта өнімді Өзбекстанға экспорттау жоспарлануда. Биыл 30 мың тоннаға жуық шыны шығару жоспарлануда. Зауыт жанынан инвестиция көлемі 100 млрд теңгеге жуық 8 ілеспе кәсіпорын құрылмақ. Оның үшеуі – шыны талшық­тар мен композит­ті мате­риалдар, айна және жұқа шыны шыға­ру жо­балары бойынша жобалау жұмыс­тары басталды», – деді өңір басшысы.

Қызылордада жасалған: Шыны мен шығын

Қазақстандағы жалғыз зауыт
Шынының «жыры» қаншалық ұзаққа созылса, жаңа өндірістің жанданғанын естіп-білген қызылордалықтардың қуанышы да сол шамалас. Айта кету керек, қаладағы шыны зауыты қуаттылығы жағынан Қазақ­станда жалғыз. Зауыт ашылса, 200 қызыл­орда­лыққа жұмыс орны ұсыны­латы­ны да бір жаңа­лық. Әрине, зауыт құрылысын көзбен көріп, шыққан өнімді қолмен ұстаған жұрт шыныдан келер пайда да шаш етектен екеніне сеніммен қарайды. Өзімізде жасалған өнімнің экспорт­талуы қалай? Зауыт қанша көлемде шыны өндіруге қауқарлы?
Аталған ірі өндіріс орны былтыр 32 мың тонна өнім өндірсе, биыл 75 мың тоннаға жуық шыны түрлерін шығарған. Қуаттылығы 200 мың тоннаны құрайтын өндірісте күніне 500-510 тонна шыны жасалуда. Өнімге Қызылордадан бөлек өзге өңірлерде де сұраныс бар. Тіпті, вагон-вагон болып шетел асырылып та жүр. Алғашқыда Шымкент, Алматы мен Астанаға барған шынылар енді Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей мен Өзбекстанға да жеткен. Ол аз десеңіз, қытай, неміс және түрік компанияларымен зауыт аумағында құны 100 млрд теңгені құрайтын 8 шағын ілеспе зауыт құру бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Қызылордада жасалған: Шыны мен шығын


− 2022 жылдың 13-і қазанында алғашқы дайын өніміміз шықты. Келесі жылдың екінші жартыжылдығынан бастап энергия үнемдейтін шыны шығаруды да жоспарлап отырмыз. Мұндай өнім шығаруға 15 млн доллар инвестиция тартылмақ. Қазіргі кезде бұл жобаны бекітіп, қондырғыларды орнату жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұған дейін шығарылған өніміміздің 40 мың тоннасы шетелге экспортталды. Біздің шыныларды құрылыста пайдалануға болады, дегенмен алдағы уақытта түрлерін көбейту жоспарда бар, − дейді кәсіпорынның өндірістік бөлім басшысының көмекшісі Ғалымжан Қуатов.

1 зауыт – 340 жұмыс орны
Өндіріс – нарықтық экономиканың басты күші. Жыл басынан бері өңірдегі өндіріс орны құны 6 млрд теңгені құрайтын 3,5 млн шаршы метр шыны материалын шығарып үлгерген. Ал жыл соңында 140 мың тонна өнім шығару жоспарланған. Бірақ бұл зауыт қуаттылығының 71 пайызын ғана құрайтынын естен шығармау керек. Өнім шығару үшін шикізат Арал және Жаңақорғаннан әкелінуде. Сонымен қатар жылына 36 мың тонна кальцийленген сода Башқұртстан мен Өзбекстаннан тасымал­данады.

Қызылордада жасалған: Шыны мен шығын


Тағы бір айта кетерлік жайт, алғаш­қыда бұл зауытта 226 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Алайда көп күттірген жобаның пайдасы да көп болып, сәйкесінше, қазіргі таңда 260 қазақстандықты жұмыспен қамтып отыр. Одан бөлек жыл аяқталғанша тағы 80 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Жергілікті жұмыспен қамтудың белгіленген арақатынасының заңдылығына сәйкес қызметкерлердің 70 пайызын Қазақстан азаматтары құраса, 30 пайызы – шетелдік мамандар. Әрине, айлық табысы жағынан шетелдіктерге артығымен төленіп отыр. Мұнда қазақстандықтардың орташа айлығы – 404 мың теңге, ал шетелдіктердің табысы 963 мың теңгені құрайды. Екі есе артық айырмашылыққа шетелдік мамандардың шыны өндіру саласында 10 жылдан аса тәжірибесі және жоғары біліктілігінің болуы себеп-мыс. Алайда өндіріс орнының жетекшісінің айтуынша, қазақстандықтардың да біліктілігін арттыру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Яғни, алдағы уақытта біздің азаматтар да зауыттағы маңызды, жетекші жұмыстарға араласатын болады.
− Шыны зауыты индустрияландыру бағдарламасы аясында іске қосылған болатын. Жалпы бұл өндіріс орнының іске қосылуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосады. Өңірдің өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 8 пайыз болса, құрылыс индустриясында 42,2 пайызы Қызылорда облысының үлесінде. Шыны зауытынан шыққан өнімдерге сұраныс бар болғандықтан биылғы барлық өнім игеріледі деген жоспар бар. Өндіріс орнына қосымша 8 ілеспе зауыт ашу да өзіндік оң үлесін тигізері анық, − деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова.

Қызылордада жасалған: Шыны мен шығын


Өнім сапасы – қызмет пен кәсібиліктің сапасы. Келісімшартқа отырған қытайлық компанияның бұл салада 60 жылдық тәжірибесі барын ескеру керек. Қызылордалық, қазақстандық қызметкерлер де біліктілігін арттырып, тәжірибе жинаса, өзіміздің өндіріске өзіміз басшылық етер күн алыс емес.

Дина МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!