Қызылорда қаласындағы қауіпсіздігі барынша төмен ЗК-169/4 мекемесінде жазасын өтеушілер жұмыспен қамтылған. Екі сотталған РМК «Еңбек- Қызылорда» филиалының наубайханасында жұмыс істейді. Наубайхана нан пісіруге қажетті құралдармен толық қамтамасыз етілген.
Онда ғимаратта тәулігіне 500-ден астам бөлке нан пісіріледі. Наубайханадан шыққан нан өнімдері Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты ЗК-169/1, ЗК-169/4, толықтай қамтып отыр. Шығарылып жатқан өнімдер ыстық күйінде мекемелерге жеткізіледі.
Бүгін екі жылға жуық нан пісірудің бесаспап шеберіне айналған Берік, Нұрбол есімді жазасын өтеушілерден сұхбат алудың сәті түсті.
Нан цехына бас сұққанымызда олар ұнды өлшеп, қамыр илейтін машинаға салып, қажетті дәмдеуіштерін қосып жатыр екен. Иленген қамырдың ашып, көтерілуіне шамамен 1 сағаттай уақыт кетеді дейді. Қамырды таразыға өлшеп, қалыптарға салып, қамырдың тағы қалыптарда көтерілуін біршама уақыт күтеді екен. Нан пісіру технологиясының соңғы кезеңі қалыптағы көтерілген қамырды қызып тұрған пештерге салып, 40-45 минут шамасында пісіріп алып жатыр.
«Ас атасы – нан» демекші нанды пісіру оңай емес, осы мекемеге келгеніме 2 жылға жуықтады. Абайсызда жол-көлік оқиғасын жасап, сот үкімімен 5 жылға сотты болдым. Өкінішім де жоқ емес. Жазым деген аяқ асты ғой, алдағы болатын жағдайды білмейміз ғой» – дейді Берік.
Ол нан пісіретін жабдықтардың тілін жақсы меңгерген.
«Нан пісіруді бір кісідей меңгеріп алдым. Бостандықта жүргенімде ас пісіргенді ұнататын едім, нан пісіретін наубайшы қажет екендігін естігенімде ойланбастан келістім. Ай сайын жалақымды уақытылы алып тұрмын. Мемлекет алдындағы қарызымды өтеп, артылғанын отбасыма да жіберіп отырмын. Елімізде болған жағдайға мен де алаңдап отырмын. Төтенше жағдай режимі енгізілгенімен нан цехындағы жұмысымыз үздіксіз жүріп жатыр»,-дейді сотталған азамат.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!