Қызылорда облысында жастарға жеңілдетілген 2,5 пайызбен 5 миллионға дейін шағын несие беру бойынша өтінімдерді қарау мақсатында конкурстық комиссияның кезекті отырысы өтті.

Бұл бастамаға өңір жастарының белсенділігі жоғары. Мәселен, өткен жиында 7 жоба мақұлданса, кешегі отырыста комиссия мүшелері құны 134,1 млн. теңгені құрайтын 29 жобаны қараған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесінде жастардың кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсету үшін 40 миллиард теңге бөлінгенін айтқан болатын.

«Қаражат аймақтарға берілді. Қазір бизнес саласындағы үздік идеяларды таңдап алу үшін конкурстар басталды. Халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет. Әкімдер бұл жұмыстың нәтижелерін тұрақты түрде баяндап тұруы керек», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгінде аймақта кәсіп ашамын, әрі қарай кәсібімді дамытамын деген жастарға қолдау көрсетілуде. Мемлекеттен 2,5 пайызбен берілетін шағын несиеге ұсынылған жобалардың басым көпшілігі экономика саласына қатысты. Яғни, құны 39 млн. теңгенің 9 жобасы жылқы шаруашылығы, 25,1 млн. теңгенің 6 жобасы ірі қара малға, 14,5 млн. теңгенің 3 жобасы түйе шаруашылығына және 19,5 млн. теңгенің 3 жобасы  жүк автокөлігін алуға, құны 36,3 млн. теңгенің 8 жобасы қызмет көрсетуге бағытталған.

Жалпы барлық үміткерлердің жасы 35 жастан аспаған, кепілдікпен қамтамасыз етілген болуы керек.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!