Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Алтын сапа» және «Парыз» республикалық конкурсы жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Президент келесі жылдан бастап «Парыз» байқауының жеңімпаздарын анықтау кезінде қосымша талаптар болатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыруға үлес қосу. Бұл – мемлекетіміз бен бизнестің азаматтарымыз алдындағы ортақ борышы.

Биыл байқауға Қызылорда облысы бойынша 33 кәсіпорын өтінім берді. Конкурс нәтижесінде «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясымен қызылордалық «Жаңажол» ЖШС марапатталды.

Орынбасар Төлепов басшылық ететін кәсіпорынның негізгі бағыты – күріш өсіру және ішінара мал шаруашылығы. Соңғы 20 жылдан бері күріштің өнімділігі тұрақты болып, облыста алдыңғы қатардағы шаруашылықтардың біріне айналды. Бүгінде  шаруашылықта 400-ден астам маман жұмыспен қамтылған.

– Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – кәсіп істеген жандар үшін маңызды бағыт. «Жаңажол» серіктестігі ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруына әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Ауылды өркендетуге 300 млн теңгедей қаржы салдық. Күріш, жем-шөпті тұрғындарға төмен бағамен береміз. Жыл сайын жиын-терім науқанының қорытындысымен үздіктердің еңбегін лайықты бағалау дәстүрге айналған, – дейді Орынбасар Төлепов.  

Ал «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Торғай-Петролеум» АҚ лауреат атанды. Компания облыс экономикасына елеулі үлес қосып, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, еңбек жағдайын жақсартуда орнықты жұмыстармен алдыңғы қатардан көрінуде.

Шикі мұнай мен ілеспе газды өндірумен айналысатын кәсіпорында 458 адам жұмыс жасайды. Елорда төріндегі салтанатты шарада номинация компанияның Бас директоры Қайрат Арынғазиевке табысталды.

Тағы бір қызылордалық кәсіпорын «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясын иеленді. «Номад Солар» ЖШС марапат мінберінен көрінді. Бұл кәсіпорын жаңартылатын көздерден электр энергиясын өндірумен айналысады. Қуаттылығы 28 МВт күн-электр станциясы – облыстағы ең ірі станциялардың бірі. Кәсіпорын басшысы Плезан Пьерр елорда төрінде марапат мінберінен көрінді.

Айта кетейік, республикалық конкурсқа Қызылорда өңірінің кәсіпорындары 2008 жылдан бері белсенді түрде қатысып келеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!