Қазіргі таңда жастардың бастамаларын қолдау, кәсіпкерлікті дамыту жолға қойылған. Осы орайда, жас стартаперлер өз идеяларын жүзеге асыруда түрлі байқауларда бақ сынап жүр.
Бүгінде ауқымды жобаларымен әлемдік деңгейде танылуда. Соның дәлелі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті студенттерінен құралған «Enactus» командасы «Global Race to Rethink Plastic» байқауында TOP-48 тізіміне енді. Дүниежүзі стартаперлері бақ сынаған сайыста қазақстандық 3 жоба үздіктер қатарында.
«Global Race to Rethink Plastic байқауы – кәсіпкерлік қызметтің көмегімен пластикалық қалдықтар дағдарысын жеңуге мүмкіндік береді. Біздің команда «OrgPlast» жобасын ұсынып, II кезеңіне жолдама алды. Жоба аясында күріш крахмалынан биополимер алып, ыдырайтын пластик түрін ойлап таптық. Тобымызда оқу орнының білім алушылары – Дидар Сәрсенбек, Заманбек Жақсылықов, Досым Әділхан бар»,-деді топ жетекшісі, жас кәсіпкер Темірлан Абжанов.
Айта кетейік, іскер жастарға арналған байқауға 35 елден 200-ге жуық команда қатысты. Екінші кезеңнен өткен жобалар TOP-17, TOP-10 тізіміне іріктеледі. Нәтижесінде финалға шыққан командалар ENACTUS әлем чемпионатына қатысып, өз жобаларын қорғамақ. Бас жүлде 25 000 АҚШ долларын құрайды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!