Жаңақорған ауданында өткен жылмен салыстырғанда түйе 20,5 пайызға, жылқы 19,5 пайызға, мүйізді ірі қара 5,0 пайызға, уақ мал 4,8 пайызға өскен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов хабарлады.
Жаңақорғандықтар мал шаруашылығын дамытуды мықтап қолға алды. Бүгінге дейін малды көбейтіп, оны сатумен айналысқан шаруаға өңдеу саласын қолға алуға жол ашпақ.
«Біздің ендігі мақсатымыз мал шаруашылығындағы өңдеу саласын дамытуымыз керектігін уақыт өзі дәлелдеп беріп отыр. Қазіргі уақытта малдың басын көбейтіп, оны сатудан аса алмай отырмыз. Ендігі кезекте біздің алға қойған мақсатымыз инвесторлар тарта отырып, мал өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар ашу. Яғни малдың еті, сүті, терісі мен жүніне дейін өңдеуіміз керек. Өте ауыр және қомақты шаруа. Алайда оны өзіміздің ауданда жасайтын болсақ, біріншіден таза, арзан, сапалы өнім, екіншіден аудан тұрғындары жұмыспен қамтылатын болады. Бұл бағыттағы жұмыстарымызда күн тәртібінен түспейді, инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде», – деді Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!