Пандемия сан саланы аяқтан шалғанмен жаңа жүйеге тез бейімделуді талап етті. Көптеген нысан жабылып, жұмысы тоқтаған тұста кәсіпкерлер қашықтан қызмет көрсету, жеткізу жүйесін қосу арқылы шаруасын дөңгелете түскендей. Ал мемлекет кәсіп бастаймын дегеннің  «бетін қақпай, белін буып» жүргені көпке мәлім. Қызылордалық Жеткерген Италмасов  сұйық сабын мен антисептик өндіруді  өткен жылы бастаған. Өңірде өнімге сұраныс бар ма? Сабын жасаудың машақаты неде? Осы сұрақтар төңірегінде кәсіпкермен әңгімелескен едік.

Жеткерген Балтабайұлының ұлымен бірге жүргізіп отырған кәсібінің қыр-сыры көп. Сабын өндіру, құрамын біліп, қоспасын мөлшерлеудің де өз қиындығы бар.

– Өзім құқық қорғау саласында қызмет еттім. Бұл саладағы мамандар ертерек зейнетке шығады ғой. «Бейнеттің зейнетін бер» деп тілесек те, бос отырған­ның берекесі жоқ. Уақыт бар. Бір күні осы бизнесті бастап көрсек қалай болады деген ой келді. Содан кейін Шымкент, Қызылордадағы сабын өндірушілердің жұмыс барысымен танысып, тәжірибе алмастым. Сабынның сұйық түрін өндіру мен өңдеуді зерттей бастадым. Осылайша өз қаржыммен құрамдарын сатып әкеліп, ғимаратты жалға алдым. 7 сынып оқитын балам көмектеседі. Бұл біржағынан болашағымызды алдын ала жоспарлау болса, екіншіден ұрпағымды кәсіпке баулып, еңбекпен нан табуға үйреткім келді», – дейді кәсіпкер.

Әкесі мен баласының жоспарлы жұмысы, үздіксіз ізденісінің арқасында қанат жайған өндірісті отбасылық кәсіп деуге болады. Олар тапсырысқа қарай айына 15-20 тонна өнім шығарады. Ал құрамына қажетті заттар арнайы Қытайдан, Ресейден тасымалданады. Қызылорда қаласында жасалатын өнімдер өзімізде ғана емес, Жезқазған, Қарағанды сынды орталық өңірлерде де ерекше сұранысқа ие. Тапсырыс берушілердің айтуынша, «Жеткер» ЖШС өнімдері жақсы сапада, бағасы да тиімді. Мәселен сұйық сабынның 5 литрі – 600 теңге. Бұл – Қызылорда қаласы бойынша ең арзан баға. Ал антисептиктің 1 литрін 1000 теңгеге сатып алуға болады.

Сабын  күнделікті қолданысқа ие тұрмыстық қажеттіліктің бірі болғандықтан өңірде бәсекелестік деңгейі жоғары. Соған қарамастан Жеткерген Балтабайұлының кәсібі күннен күнге дамып, сұраныс артуда. Мұнда түрлі вирустан қорғап, залалсыздандыратын антисептиктен бөлек  лимон, алма, алоэ иісімен және тұрмыстық сабын түрлері шығарылады. Әкелі балалы кәсіпкерлер жеткізу қызметін де қолға алған. Сапа мен сер­виске жеке көлігі­мен тапсы­рысты жеткі­зетін кәсіп­кер­дің өзі жауап­ты. «Сабын жасау­дың өзіндік шартта­ры болғаны­мен, құрамы мен ерекшелігі өндірушіге тікелей байла­нысты. Тәтті бәліш пісіру секілді арнайы ережесі, өзгертілмейтін қоспасы жоқ. Әр өндірушінің өз құпиясы бар. Сонысымен де ерекше», – дейді кәсіпкер.

Алғашында өз қаржысымен кәсіп бастаған азамат бүгінгі күні оны ұлғайту мақсатында мемлекеттен 30 миллион теңге несие алып, жалдамалы ғимараттың орнына арнайы цех ашқан, яғни сұранысқа қарай  өнім көлемі де көбейіп, тапсырыс артуда. Кәсіпкердің ендігі мақсаты – белизна мен көліктің терезесін сүртуге арналған тазартқыш заттар шығару, аталған кәсіпті кеңейту.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!