Жер бетін өзге ғаламшарлардан ерекшелеп, өліні тірі қып ұстап тұрған ең басты ресурс, тұрмыстағы маңызды қажеттілік – су. Гидрогеология саласындағы зерттеу нәтижелері адамзат үшін аса маңызды мәселе екені рас. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, әлемнің 74 пайызын су алып жатыр. Соған қарамастан, бүкіл жер шарында су тапшылығы бар. Соның ішінде таза ауыз судың тапшылығы өзекті мәселенің біріне айналып үлгерді. Сарапшылардың пікірінше, жер бетінде 780 миллионнан астам адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Ал 1,7 миллиард адам тұщы су көздеріне зәру. Әлемде жыл сайын таза судың жоқтығынан, соның салдарынан болатын антисанитариядан мыңдаған адам көз жұмады екен. Оның басым бөлігі – балалар.
Кей мемлекеттердегідей қат болмағанмен, Қазақстанда да ауыз су мәселесі өзекті. Алайда еліміздегі жерасты су ресурстары арнайы зерттеліп, оның гидрогеологиялық картасы жасалуда. Мұндай арнайы жасалған карталарда қай жерден, қандай тереңдіктен, қандай су шығатыны, оның мөлшері мен сол аймақтағы жерасты суларының жалпы қоры сияқты маңызды деректер көрсетіледі. Жерасты су қоры жауын-шашын қорымен, мұздықтармен қатар, тұщы су көзі бар үлкен өзендердің әсерімен толығады. Ал елімізге “үлкен” санатына жататын Іле, Ертіс, Жайық, Талас, Сырдария өзендері көршілес елдерден, атап айтқанда, Қытайдан, Ресейден, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келеді. Демографиялық өсімге байланысты және су тұтыну көздерінің көбеюінен бұл сулардың қоры жылдан-жылға азаюда. Сонымен бірге жерасты сулары оңтүстік пен шығыста кеңінен таралған. Осындай тиімділік пен ерекшеліктерін қарастыра отырып, өз өңірін, тіпті, өзге қалаларды да таза тұщы ауыз сумен қамтып отырған кәсіпкерлер бар. Соның бірі де бірегейі, өңірде кәсіпкерлік саласына өз үлесін қосып жүрген жастардың көшбасшысы, кәсіпкер, «Абзал ИК» директоры – Мағжан Ералиев.
Біз сөз етіп отырған «Сафия су» – «Абзал ИК» компаниясының қосымша өнімі. Яғни мұнда табиғи ауыз суы шығарылады. 0,5 литрден 19 литрге дейінгі көлемде газдалған, газдалмаған түрінде шығатын су өзіміздің жерден, жер астынан 400 метрден тереңдіктен алынады. Бұл бизнес жоба Мағжан Ералиевтің жеке қаржысымен осыдан 5 жыл бұрын бастаған. Жұмыс барысына тоқталсақ, алдымен суды жинап, тазартады да, келесі кезең жаңа орынға құяды. Су бөтелкелерге құйылар алдында ультракүлгін сәуледен өтеді. Таза су жиналып біткен соң тапсырысқа қарай дайын 5 л, 19 л формаларға құйылады.
“Жалпы штатта 40 адамдай жұмыс істейді. Қалада 7 машина, яғни 7 бригада жұмыс істеп тұр. Күнделікті тапсырыс саны көбеюде. Көктемде 200 болса, қазір жаз мезгілі болған соң күніне 350-ге дейін тапсырыс түседі.
Ресей мен Украина арасындағы соғыс, доллардың өсуіне байланысты мәселелер туындауда. Қажетті заттардың бағасы қымбаттап кетті. Бізге керек ауыстырылатын қақпақ, судың ыдыстары Қазақстанда жасалады. Алайда оның бөлшектері Ресейден алынады. Осындай жайттарға байланысты бағаның қымбаттау қаупі бар, бірақ қазіргі таңда қала бойынша бағаны тұрақтандырып, ұстап отырмыз”, – дейді цех басшысы Ислам Ерланұлы.
Айта кетейік, «Сафия суда» су бөтелкесін алмастыру – 500 теңге болса, жаңа бөтелке сатып алып, құйдыру – 2500 теңгені құрайды. Бірақ арнайы жеңілдіктер де қарастырылған. 2 немесе 3 бөтелке су құйдыратындарға арналған акция бар. «Өзіміздің тізімдегі науқас, қарт кісілерге, мешіттерге суды тегін береміз. Сонымен бірге «Orda school», «Бәйтерек» сияқты мектептерге жеңілдікпен арзандатып береміз, өйткені олар тұрақты тұтынушымыз, әрі күнделікті тапсырыс береді. Кейде қалада форумдар, жарыстар ұйымдастырылғанда да оларға қолдау ретінде тегін таратып жатамыз. Жеңілдік жасау жағынан ешқандай мәселе жоқ. Нарыққа енгенімізге 5 жыл болса да, брендімізді қалыптастыруда тұтынушылардың жақсы пікірінің өзі тегін жарнама. Қызылордалықтар бір-бірінен естіп, шынайы ризашылығымен жарнамалап, жеткізу қызметі, әлеуметтік желідегі тікелей байланыстарды көріп, тапсырыс беріп жатады. Таза жерасты суын ұсынып, халықтың алғысын алу – біз үшін де қуаныш», – дейді Ислам Жайсанов.
Судың тапшылығы бір мәселе болса, оның тазалығы мен тұтынуға жарамдылығы – сапалы өмірдің, адамзат денсаулығының айнымас кепілі. Осы орайда салыстырмалы түрде су қорына бай елдер мен су тапшылығын қатты сезіп отырған елдердің тізімін ұсынғымыз келеді. Зерттеуге сай су қорына бай елдердің барлығында дерлік ауыз су мәселесі жоқ деп қарай алмаймыз. Себебі табиғат байлықтарын көп мөлшерде игерген немесе өндіріске негізделген елдер «қолда бар алтынның қадірін білмей» таза суды лайлап, өздері мәселе туғызуда. Ауыз су қоры жеткілікті елдер тізімі: Бразилия – 6950 текше шақырым, Ресей – 4500 текше шақырым, Канада – 2900 текше шақырым, Қытай – 2800 текше шақырым, Индонезия – 2530 текше шақырым, АҚШ – 2480 текше шақырым, Бангладеш – 2360 текше шақырым, Үндістан – 2085 текше шақырым, Венесуэла – 1320 текше шақырым, Мьянма – 1080 текше шақырым. Ал Қазақстандағы жалпы су ресурстары 101 текше шақырымды құрайды және оның тек 57 текше шақырымы ғана Қазақстанның өзінен бастау алады екен.
Табиғат ананың мүмкіндігін пайдаланып, жерасты суы арқылы таза, табиғи ауыз суымен сырбойылықтарды қамтамасыз етіп отырған Мағжан Ералиевтің кәсібі күннен күнге дамып, тапсырыс көлемі артпаса, кемімесі анық. “Қалаға жақында көшіп келдік. Мұндай өзімізден шығатын тазартылған су барын білмеппін. Көршімізден естіп, судың дәмін көргелі тұрақты “Сафия суға” тапсырыс беріп жүрмін. Жерасты суы мөлдір, тап-таза. Одан артық не керек?! Әрі бағасы да қолжетімді. Көпбалалы, отбасында адам саны көп үйлерге өте тиімді”, – дейді қызылордалық Айкүміс Бақытжанқызы.
Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!