Еңбек адамы ойлаған мақсатына қам жасап, кәсіп бастау жолында тер төксе бағындырмайтын қамалы болмайтыны рас. Ол үшін көп дүниенің болуы да шарт емес, бастысы қиындықтарға төтеп бере алатын жігер мен ізгі ниеттің болуы маңызды. Жалағаш ауданының тұрғыны Асхат Ермекбаев та тынымсыз ізденіп, тың кәсіпті қолға алған жанның бірі. Бүгінде ол мемлекеттік бағдарлама аясында еуропалық стандарттарға сай өнім өндіруде.
Аймақтағы тың бастамаға серпін берген Асхат алғашқы отандық өндіруші саналады. Кәсіпкердің бұл жобаны қолға алуына нарықтағы сапалы, бірақ қалтаға қонымсыз антифриздер ықпал еткен. Базардағы бағаның шарықтауы жаңа бизнес ашудың басты себебі екен.
Қазір кәсіпкердің шағын кәсіпорнында SinPro сауда белгісімен автокөліктерге арналған этиленгликоль негізіндегі антифриз, тосол, антифриз, салқындатқыш тәрізді суыққа төзімді сұйықтықтар өндірілуде. Кәсіпорында күніне 1000 литр антифриз шығарылады.
Антифриз – автомобильдің салқындату жүйесіне құйылатын арнайы сұйықтық. Ол этиленгликольдің сумен қоспасынан жасалады, сондықтан аса төмен температура болмайынша қатпайды. Мұндай өнімдер бензиндік және дизельдік қозғалтқыштардың салқындату жүйесіндегі қату, коррозия, қызу және қақтың пайда болуының алдын алады. Бір ескерерлік жайт, бұл өнімдерді автотранспорттық құрал мен жылу алмастырғыш агрегаттардың эксплуатация нұсқаулығына сәйкес пайдалану керек.
− Мамандығым химик-технолог болғаннан кейін өзіме осы өндірістің түрі жақын болды. Бұл іске өз қаражатымды салып, әрі қосымша мемлекеттік бағдарлама аясында қолдау таптым. Нәтижесінде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде мемлекеттік қолдауға ие болдым. Осылайша бес миллион көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алдым. Одан бөлек, “Қызылорда” өңірлік инвестициялық орталығы арқылы алты пайыз мөлшеріндегі кепілдік арқасында алты миллион көлемде несиеге қол жеткіздік. Осылайша, мемлекеттің қолдауы біздің дамуымызға және өнімнің өзіндік құнын тұрақтандыруға қомақты септігін тигізіп келеді, – дейді кәсіпорын басшысы Асхат Ермекбаев.
Қазіргі таңда өндіріс орнында бес адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Айта кетейік, бүгінде антифриз өндіруден шетелдік брендтер саны жетерлік. Бірақ осындай бәсекелестікке қарамастан аталған компания өз өнімдерін ұсынуда. Тіпті автохимиялық өнімдер сапалы сипаттамалары арқасында бөлшек сауда нарығында өз орнын тапты деуге толық негіз бар. Себебі Асхаттың кәсіпорнында шығарылатын қозғалтқыштар тиімді салқындатып қоймай, метал мен қорытпаның барлық түрлерін коррозиядан және кавитациядан жоғары тиімділікпен қорғайды. Әрі бұл өнімдерді қоршаған орта температурасының – 40-тан +50-ге дейінгі диапазонында пайдалануға да болады екен.
− Аталған өнімдер тұрғындар тарапынан үлкен сұранысқа ие. Бұл тауарлар пластик құбырлар мен резеңкеге зиянын тигізбейтін қасиетімен де ерекше. Сақтау мерзімі бес жылға дейін жарамды. Біздің өнімдерді Жалағаш ауданындағы сауда нүктелерінен табуға болады. Жеңіл көліктен бастап қуатты өнеркәсіпке дейінгі қозғалтқыштарға арналған антифриздердің барлық түрі шығарылады, − дейді кәсіпкер.
Жуырда жеке кәсіпкер өніміге тауардың Қазақстан аумағында өндірілгенін растайтын құжат СТ-KZ сертификатын да алыпты. Енді алдағы уақытта кәсіпорынның өндіріс көлемін және өнім түрлерін ұлғайтуды жоспарлауда.
Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!