Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен мәжілісте 6 мәселе қаралып, 2020 жылы түрлі салаларда атқарылған жұмыстарға талдау жүргізіліп, 2021 жылда іске асатын негізгі жұмыстар сараланды.

Жиында Гүлшара Әбдіқалықова «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы биыл да жалғасатынын айтып, жобалар бойынша тиісті жұмыстарды мерзімінде аяқтауды және кемшіліктерге жол бермеуді қатаң ескертті.

– «Еңбек» бағдарламасы бойынша биылғы жылы тұрақты жұмыспен қамтылғандар үлесін көтеру керек. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алушылардың қатарындағы еңбекке жарамды азаматтардың тұрақты жұмысқа орналасуын, мүгедектігі бар адамдардың қажетті тауарлар мен қызметтерді «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы алынуын қамтамасыз ету қажет. Бұл – осы санаттағы отбасыларды «дағдарыс» жағдайынан шығарып, әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.

Биыл аймақта 19 жоба Индустрияландыру картасына енгізіледі. Сонымен бірге құны 48,5 млрд теңгены құрайтын жоба іске қосылса, құны 328,8 млрд теңгелік 3 жобаның құрылысы басталады. Мұнан бөлек, Шиелі ауданындағы тампонажды цемент зауыты және «Балауса» компаниясының өнімдерін шығару жалғасын табады.

Облыс әкімі бизнесті қолдаудың нақты шаралары бойынша атқарылған жұмыстардың есебін тыңдады. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердауси Қожабергенов пандемиядан кейінгі кезеңде шағын және орта бизнесті жедел дамыту жөніндегі міндеттер туралы баяндады.

Мемлекет басшысының қыркүйектегі Жолдауында «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы келесі жылы аяқталады. Үкіметке бизнеспен бірлесіп, келесі бесжылдыққа арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуді тапсырамын» деген болатын. Осы мәселеге байланысты Қызылорда облыстың кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов саланы дамытуға қатысты ұсынысын айтты.

– Қызылорда облысы қуаңшылық аймаққа жататындықтан, ауылшаруашылығын сусыз елестету мүмкін емес. Сырдария өзені мен Кіші Арал теңізі – егістіктер мен жайылымдарды суландырудың негізгі көзі. Сонымен қатар балық өсіретін су айдындарын сумен тұрақты қамтамасыз етудің жалғыз жолы. Яғни су мәселесінің түпкілікті шешілуі аймақта ауылшаруашылық өндірісін кешенді дамытуға мүмкіндік береді. Сол себепті «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екі кезеңін жүзеге асыру мәселесін аталмыш бағдарламаға қосу қажет деп есептейміз, – деді Ғалымбек Жақсылықов.

Бұдан бөлек палата директоры аймақта «Агропарк» құру мәселесін көтерді.

– Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты тарапынан облысымыздың егіс алқаптарын тиімді әртараптандыру мүмкіндігі жайлы көптеген ғылыми жұмыс жасалған. Мысалы, институттың есебі бойынша 1 гектар күріштен түсетін таза табыс 103 мың теңге болса, соя, сүрлем жүгері және соргоның таза табысы күріштен кемінде екі есе артық шығады. Яғни осындай суды аз талап ететін әрі табысы көп дақылдарды егуде институт тәжірибесін облыста тарату қажет. Бұл дақылдар облысымызда кең тарамағандықтан, сәйкестендірілген техникалар және сол дақылдарды егіп көрген тәжірибелі мамандардың көмегіне жүгініп, институт базасында «Агропарк» құруды ұсынамыз. Институттың өңір кәсіпкерлеріне тәжірибесін таратуға толық қауқары бар, – деді Ғалымбек Жақсылықов.

Мәжіліс қорытындысымен облыс әкімі аталмыш ұсыныстарды тиісті сала басшыларына тапсырып, жүзеге асыру тетігін, межеленген жұмыстарды уақытылы аяқтауды және әрбір тоқсан сайын көрсеткіштердің сараланатынын назарға салды.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!