Табиғаттың тартуын тасада қалдырмай, кәсіп көзіне айналдыру берекелі болмақ. Алқапты бойлай өсетін өсімдікті өртке орамай, Сыр елінің өнімін нарыққа шығару құптарлық іс. Сары алтындай сайын даланың көркін келтіріп, жайқала салатын қамыстан табысқа кенелгендер бар. Жұртқа таңсық болған кәсіпті тартынбай бастап, дөңгелетіп отырған қазалылық тұрғынның талабына қайран қаласың. Олжасын орақтан тапқан отбасы маңдай терінің мөлшерімен еңбектің тәтті нанын татып жүр. «Іздеген жетер мұратқа» демекші, қамысты кәдеге жаратудың сан қилы жолын қарастырып, бизнесте қарышты қадам жасау қошеметке лайық.

Тіршілік тынысын тарылтқан тәжді вирус кезінде үйден шықпауға тура келді. Таңнан қара кешке дейін қол қусырып қарап отырмаған Венера Тайлақбаева ғаламторды ақтарып, үлкен істі атқаруға кіріскен. Қамыс жайында түрлі ақпаратқа көз жеткізіп, тіпті Германияда сұраныстың жоғары екенін білген. Қос қолдың қайратымен, ақыл-ойдың алғырлығымен бизнесін жандандырып жүр. Тек бір ғана елмен емес, түгел Еуропа қамтыған қамыс кәсібі көпті қызықтыруда.
– Немістердің айтуы бойынша, бұл қамыспен үйдің төбесін жапса, қарапайым темір шатырға қарағанда адам жасын 20 жылға ұзартады. Мұнымен барлық шетел азаматтары үйінің төбесін жаба алмайды. Жұмысы қымбат, қолжетімсіз. Сондықтан көбіне жағдайы бар азаматтар ғана қамысты қолданады. Өзге мемлекеттермен салыстырғанда Сырдың қамысы өте сапалы. Сондықтан бүгінде Германиядан ғана емес, Дания, Франция, Италия, Англиядан сұраныс жоғары. Оны әзірлеп жіберу де оңай шаруа емес. Шөптің ұзындығы 1,5 метрден кем болмауы керек. Ал мұнда тер төгіп жүрген 15-ке жуық жұмысшы күніне 100-150 бау қамыс әзірлейді, – деді Венера Тайлақбаева.
Иә, кәсіп бастау оңай емес. Жетістікке жетіп, істі ұршықша иіріп әкету үшін де ұмтылыс пен зор еңбек керек. Кең алқаптан кем дегенде 100-ден аса қамыс ору жұмысы жеңіл болмайтыны да белгілі. Өз кәсібін жедел жүргізіп, аудан тұрғындарын да жұмысқа тарту жақсы бастама. Жұмыс іздеп жан-жаққа жалтақтап, жатқа жем болмайды. Әсіресе Сыр өңірінің өнімін шетелге экспорттау экономикаға да оң ықпал етпек.
– Еңбекақыңды адал аласың. Баяғыда сыртқа кететін едік. Қазір жұмыс ауылдың ішінде. Өзімізбен-өзіміз, ешкім мазаламайды. Баулау жұмысы, ертең мұның да маусымы бітеді. Қамыс шабу маусымы басталады. Онда да көмектесеміз, – деді жұмысшы Көбейсін Балымбетов.
Жұмыстың жүйесін тапқан кәсіпкер әлде де қарқынды дамуда бөгелмейді. Оның діттеген мақсаты соның дәлелі. Яғни әкімдіктен қамысты алқаптың 2 мың гектарын жалға беруді сұраған. Егер жоспары жүзеге асса, шетелдік технологияны өзі жүзеге асыруға ниетті.
– Алғашқы клиенттеріміз Нидерланды елінен болды. Біздің қамысты көріп, ұнатты. Содан тағы да тапсырыс берді. Одан басқа да елде де тұрақты тұтынушыларымыз бар. Олар негізінен бұл қамысты үйдің шатырын жабуға пайдаланады. Төбесі қамыспен жабылған үй қыста жылы, жазда салқын болады. Екіншіден, әдемі көрінеді, – дейді ол.
Осылайша қазалылық отбасы бір маусымда Еуропаға 60-70 жүк көлігін қамысқа толтырып, жөнелтеді екен.
Табиғаттың сыйын сұраусыз қалдырмай, берері мол өнімді тұтыну дұрыс. Тамырына дейін қасиетті, сабағында салмағы басым өсімдікті өндіріске әзірлегені көңіл қуантты. Оның үстіне құрылыс тауарларының құны шарықтаған шақта тұрмыс-тіршілікте де кәдеге асады. Қамыстың пайдасын тізбектесек, тізім де толастамас. Әйтеуір қаулап өскен қамысты тұтанған өрт қойнына тастамай, тіпті орылмаған күйі қалдырмай, жарамды іске жаратқаны жөн болды.

Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!