Іnbusiness.kz. 2024 жылғы 7 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы бюджеттің жыртығын келесі жылғы салықты ерте төлеттіру арқылы жапқан шенеуніктердің «қулығын» қатты сынаған болатын.
«Соңғы 5 жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кетті. Қаржы министрлігі былтырғы табыс жоспарын алдын ала төленген осы жылдың салықтары есебінен орындағаны белгілі. 600 миллиард теңге көлемінде қосылған құн салығын қайтару уақытша тоқтатылыпты. Демек бюджет мәселелері бизнестің айналымдағы қаражаты есебінен шешілді», – деген Президент Үкіметке бюджет және салық саясатының тиімділігін барынша арттыруды жүктеген еді.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне еніп, бизнес үшін бірқатар түбегейлі өзгерістер әкеледі. Соның ішінде қызу пікірталас туғызғаны – «E-Tamga» аталатын электрондық шот-фактура (ЭШФ) жазып берудің автоматтандырылған жүйесі. Жаңа жүйе ЭШФ рәсімдемес бұрын қосылған құн салығын (ҚҚС) алдын ала төлеуді талап етеді. Бұған кәсіпкерлер наразы.
Кәсіпкерлік қауымдастыққа «Атамекен» ұлттық палатасы ара түсті. ҰКП ұстанымынша, «E-Tamga» салықтық жаңашылдығы бизнестің адал жұмыс істеуге деген ынтасын құртады. Әрине, бұл тетік елдегі ҚҚС төлеушілер санын бірден 2,5 есе арттырады. Сонымен бір мезгілде жалпы салық салынатын айналым небәрі 5%-ға ғана өседі. Өйткені ұсақ кәсіпкерлерді қамтитын болады.
«Атамекен» ҰКП Салық салу департаментінің директоры, салық сарапшысы Айсұлу Молдағалиеваның түсіндіруінше, «E-Tamga» жүйесі ЭШФ жазу үрдісін автоматтандырады.
«Оның басты ерекшелігі – ҚҚС-ті алдын ала, аванстық төлеу талабы. Егер кәсіпорынның есепшотында ҚҚС-ті төлеуге жеткілікті қаражат болмаса, жүйе оның шот-фактура шығаруына рұқсат бермейді, бұғаттап тастайды. Яғни, бизнеске екі ауыр таңдау қалады: не үлкен көлемдегі қаражатын бизнестен, айналымнан алып қойып, банктегі есепшотында босқа әрі үнемі ұстайды, немесе компаниясының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, бұғатқа түсіп қалмау үшін ылғи кредит алуға мәжбүр болады», – деді салық сарапшысы.
Оның мәліметінше, бұл жаңалық ұлттық палата тарапынан үлкен сынға ұшырады. Ұйым мұндай тәсілді «әдіснамалық тұрғыдан қате» деп таныды. Себебі, қосылған құн салығы (ҚҚС) – негізінен жанама салық және ол тек мәміле жасалғаннан кейін, тауар немесе қызмет құнына қосылып төленеді. Ал, алдын ала төлеу осы қағиданы бұзады әрі бизнеске қосымша қаржылық ауыртпалықты түсіреді.
Қаржы министрлігі осы салықты аванстық төлеуді кімнен талап етуге ниеттенуде? Салық жинаушы құрылым – Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, жаңа жүйе болашақта іріктелген түрде 4 санаттағы салық төлеушілерге қолданылуға тиіс:
• жаңадан тіркелген ҚҚС төлеушілерге;
• қатысушылары құрамының толық ауысуына байланысты қайта тіркеуден өткен заңды тұлғаларға;
• электронды шот-фактураны (ЭШФ) жазуы уақытша тоқтатылып, артынша бұл шешім жойылған тұлғаларға;
• салықшылардың ескертпесіне байланысты нақты айналымды растау үшін бұрын шығарған ЭШФ-сын кері қайтарып алуға мәжбүр болған тұлғаларға.
Тұтастай алғанда, бұл қазіргі бизнес субъектілерінің басым бөлігін қамтиды, өйткені олардың әрқайсысы өмірінде бір рет осы төрт жағдайдың бірін бастан өткеруі мүмкін. Оның үстіне осы санаттарға жататын салық төлеушілердің тізімін салықшы шенеуніктер салықтық тәуекелдерді басқарудың жүйесі негізінде анықтайды. Ендеше «E-Tamga» жүйесіне кімді қосқысы келсе, соның бәрін қоса салуы мүмкін.
Бұған қоса, «Атамекеннің» Салық салу департаментінің директоры Айсұлу Молдағалиеваның байламынша, келесі жылы ҚҚС төлеушілер санының күрт артуы да проблемаға айналды.
Себебі, жаңа Салық кодексі аясында 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚҚС бойынша есепке қою шегі қазіргі 20 мың АЕК-тен (78,64 миллион теңгеден) небары 10 мың АЕК-ке (шамамен 43,2 млн теңгеге), яғни, екі есеге дейін төмендейді.
Тиісінше, айналымы небәрі 43,2 миллион теңгеге немесе 77,1 мың долларға жетсе, кәсіпкер ҚҚС төлеуші ретінде есепке тұруға міндетті. Мұндай айналым тіпті қарапайым дүңгіршекте де болуы мүмкін.
«Бұл аз болса, 2026 жылдан бастап, жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимін («упрощенка») қолдануына тыйым салынатын кәсіпкерлік қызмет түрлерінің «тыйым салынған тізімі» таяуда бекітіледі. Бұрын «жеңілдетілген» тәртіпті пайдаланған көптеген шағын бизнес өкілдері енді амалсыз жалпы режимге өтіп, ҚҚС төлеушілер қатарына қосылуға мәжбүр болады. Сарапшылардың болжамына сәйкес, бұл өзгертулер ҚҚС төлеушілер санын қазіргі 130 мыңнан келер жылы 340 мыңға дейін, яғни 2,5 есе арттырады, алайда жалпы салық салынатын айналым небары 5% ғана өседі. Мұндай сәйкессіздік әкімшілендіру шығындарының көбеюіне, коррупцияның артуына және бизнестің адал жұмыс істеуге ынта-мотивациясының төмендеуіне әкелуі мүмкін», – деді Айсұлу Молдағалиева.
E-Tamga жүйесін және оның аясында қосылған құн салығын аванспен төлеттіруге тұрақты көшу бастамасын «Учёт» компаниялар тобының негізін қалаушы және басшысы Максим Барышев те қатаң сынға алды.
«Мен ҚҚС-ті алдын ала төлеттіруге үзілді-кесілді қарсымын. Неге? Салық органдары бізге, салық төлеушілер мен кәсіпкерлерге қарсы енгізетін жаңа шараларын сол бұрынғы ескі әдістерімен, жауыр болған дәйектемелермен негіздеп жүр. Ескі сылтаумен электронды шот-фактураны, виртуалды қойманы, тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды, таңбалау-маркировканы және қаптаған басқасын енгізді. Сонау 2013 жылы билік ҚҚС төлеушілердің 5%-ы – жауапсыз, жосықсыз, арам салық төлеушілер екенін мәлімдеген еді. Енді 2025 жылы соны қайталап отыр. 12 жылда модельді жетілдіре алмады. Алайда 5% үшін бүкіл бизнес сорламауға тиіс», – деді ол.
Оның тұжырымдауынша, салықшылардың тәуекелді басқару жүйесі деп аталатынына адал, жауапты кәсіпкерлер кіріп кеткелі тұр.
«Менің салықтық жүктеме коэффициентім 19%-дан асады. Соған қарамастан, мені салықшылар жоғары тәуекелді санатқа қолмен қоса салыпты. Е-Tamga жүйесіне де салықшылардың қол сұғатынына, қолмен басқаратынына сенімдімін. Әсіресе, стартаптарға қиын болады. Жаңа ғана ашылған кәсіпорындар қомақты ҚҚС-ті алдын ала төлеуді көтере алмайды. Оларға бұрынғыдай алдымен өз өнімін жасап, кемеліне келтіріп, өткізуіне, содан түскен қаржыдан салық төлеуіне мүмкіндік беру керек. Кәсіпкерлерді бұл мүмкіндіктен айырғалы тұр. Ең көп зардап шегетіні – төл шикізатын пайдаланатын, өнімін сауда желілері арқылы сататын отандық өндірушілер болады», – деді Максим Барышев.
Өйткені оларға ҚҚС-ті бүкіл айналымынан толығымен және аванспен төлеп тұруға тура келеді. Бизнесменнің пікірінше, ҚҚС-ті алдын ала төлеу деген жаңашылдық қазақстандық кәсіпкерлерге жойқын соққы береді. Отандық өндірушілердің ахуалын нашарлатады.
Бұл норма қабылданып қойғанына қарамастан, ұлттық палата оны түзету үшін келіссөздерге бастамашы болды.
Сонда «Атамекен» не ұсынды?
«Теріс салдарды азайту үшін біз «E-Tamga» әрекеті таралатын салық төлеушілердің санатын шектеуді ұсындық. Пилоттық жобаны тек жалғыз санаттан – электрондық шот-фактураларын қайтарып алғандардан бастау керек. Бұл тетікті басқа топтарға қоспай тұрып, сынап көруге мүмкіндік береді», – деді «Атамекен» палатасының Салық салу департаментінің директоры Айсұлу Молдағалиева.
Келіссөздер нәтижесінде «Атамекеннің» бір бағытта жеңіске жеткені белгілі болды. Ұлттық палатаның хабарлауынша, Қаржы министрлігімен келісімге қол жеткізілді – жаңа жүйе 2026 жылдан бастап тек 1 санаттағы салық төлеушілерге қолданылатын болады.
«Қаржы министрлігі мен «Атамекен» E-Tamga электрондық шот-фактуралардың (ЭШФ) автоматтандырылған бақылау жүйесін енгізу тәртібі бойынша алдын ала келісімге келді. Бұл шешім Қаржы министрлігімен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде қабылданды. Бастапқыда бұл механизм 4 санатқа жататын салық төлеушілерге қолданылуға тиіс болған. «Атамекен» ҰКП жаңа салықтық өзгерістер жағдайында бұл ережені барлық 4 санатқа бір уақытта енгізу бизнес үшін жүйелі тәуекелдер тудыратынына алаңдаушылық танытқан болатын», – деп мәлім етті ұлттық палата.
ҰКП ұстанымынша, мұндай қатаң жүйені аталған барлық ҚҚС төлеушілерге бірден енгізу – бизнестің жаппай тұралап қалуына, қызметін тоқтатып, банкрот болуына соқтыруы мүмкін.
Ұлттық палатаның негізгі ұсыныстары келесідей:
• Алғашқы кезеңде тек 1 ғана санатты қалдыру: E-Tamga жүйесін іс жүзіндегі нақты айналымын растаған соң бұрынғы ЭШФ-сын кері қайтарып алған кәсіпкерлерге ғана енгізу. Бұл тәсіл қатаң жүйені кеңінен әрі жаппай қолданбас бұрын тәжірибеде сынап көруге мүмкіндік береді;
• Автоматтандырылған бақылауды жүргізу мерзімдерін екі есе азайту;
• Ауыл шаруашылығы, медицина, экспедиторлық, комиссиялық қызметтер және басқа да әртүрлі салаларды өзгеден даралар ерекшелігін ескеру;
• ҚҚС бойынша дебеттік сальдоны назарға алу.
Келіссөздер нәтижесінде Қаржы министрлігі «Атамекен» палатасының ұсыныстарын қолдады. Қол жеткізілген келісімге сәйкес, 2026 жылы 1 қаңтардан бастап ЭШФ-ны автоматтандырылған бақылау жүйесі тек бір санатқа – тауарларды сату, жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету бойынша нақты айналымын растау туралы хабарламаны салықшылардан алғаннан кейін ЭШФ-ны кері қайтарып алған ҚҚС төлеушілерге ғана қолданылады.
Үкіметтің қаржыгерлері жүйені енгізу барысында түрлі салалардың ерекшеліктері де ескеруге уәде етіпті.
Дегенмен, болашақта E-Tamga аясында бизнестің кең санаттарын ҚҚС-ті аванспен төлеуге мәжбүрлеу тәжірибесі бәрібір жаппай енгізілуі мүмкін.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!