Балалық шағымызда анамыз бәрімізге тоқымадан шұлық тоқып беретін. Бір күні жемпір, бір күні жейде тоқуды әдетке айналдырған. Анамыздың қолдан тоқыған киімімен қыс бойы жылы жүруші едік. Қазір де немерелеріне шұлық пен қолғап тоқып береді. Анамыздан үйренген біз қолымыз босаған сәтте тоқыма жіпті қолымызға аламыз.  Оны тоқу әсте оңай емес. Теріс, оң болып тоқылатын кезде қайта сөкпеу үшін қателеспеген абзал. Одан қалды күртенің жеңін шығару, етегі, белі бар. Сондай-ақ шұлықтың өкшесін шығару да бір ғанибет.

Қазір базарға бара қалсаңыз, қолдан тоқылған киімдердің бағасы асқақтап тұр. Мәселен, шұлықтың бағасы 2000 теңге. Бір шұлықты сатып алсаңыз, қыс бойы аяғыңыз жылы жүреді. Ал тоқымадан тоқылған жемпір мен қалпақтың бағасын өзіңіз пайымдай беріңіз. “Неге қымбат?” деп те сұрай алмаймыз, себебі бұл таза еңбек. Адамның көз майын тауысып жасалатын жұмыс. Зейнетінен бейнеті көп. Ең қиыны, көзді ауыртады. Ал осы жұмысты кәсіп қылып отырғандарды көргенде риза боласыз. Себебі ілмешекті  алып, тоқыма тоқып отырғандарды сирек кездестіреміз. Соның бірі қызылордалық – Гүлнұр Борбасова. Бастапқыда хобби ретінде айланысып, кейін бұл істі қолға алды.

Ол – «Бастау» жобасының 2019 жылғы түлегі. Негізгі мамандығы IT саласымен тікелей байланысты Гүлнұр Алматы қаласындағы елімізге белгілі банктердің бірінде жұмыс жасаған. Тұрмыс құрып, балалы болғаннан кейін бала күтіміндегі кезеңді босқа өткізбейін деген жас ана тоқыма тоқуды әдетке айналдырады. Бұйымдарды тоқуды виртуалды курстардан үйренген Гүлнұр уақыт өте келе тоқыған өнімдерін табыс көзіне айналдыруды көздейді. Анасынан «Бастау» жобасы туралы естіген ол Кәсіпкерлер палатасынан кеңес алып, жоба аясында біліктілігін жетілдіреді.

«Тоқыма тоқығанды ұнатамын. Көп уақыт алатыны белгілі. Дегенмен бастаған ісің аяқталып, ойдағыдай шықса, барлық шаршағаныңды ұмытасың. Оның үстіне тоқыма киімдер сәннен түспейді. Адамдардың көбісі қыс мезгілінде тоңып қалмас үшін тоқыма киімдерге құмар. Кәсіппен айналысамын деген адам ең алдымен осыны меңгерсе болады. Бастау» жобасын 2019 жылы оқыдым. Ол кезде курс оффлайн жүргізілді. Бизнес-тренер Наталья Мишуковадан сабақ алдым. Бизнесті бастаудың алғышарттарымен танысып, салықтық және өзге де есептіліктерді тапсыруға қатысты құнды ақпараттарға қанық болдым. Осылайша қызығушылықтан басталған тірлігімді теңгеге айналдырудамын», – дейді жас кәсіпкер Гүлнұр Борбасова.

«Бастау» жобасынан сертификатын алған соң, курста әзірлеген бизнес-жоспарын «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы гранттық комиссия алдында қорғап, 530 мың теңге қайтарымсыз қаржыға қол жеткізеді. Бүгінде Гүлнұр қолдан әр мезгілге арналған бас киімдерді, шарфтарды, сөмкелердің түр-түрін тоқиды. Енді кеудешелерді тоқуды қолға алуда. 

«Тоқитын өнімімде жіптің сапасына ерекше мән беремін. Қазір итальяндық жіптерді қолданып жүрмін. Арнайы тапсырыспен алдырамын. Таза, меринос қойының жүнінен әзірленген. Табиғи өнім болғандықтан бұл жіптен тоқылған бас киімдерді жаңа туылған сәбиге де кигізуге болады, терлетпейді. Бас киім, шарфтарды тоқып болған соң жуып, арнайы тәсілмен кептіріп барып тапсырыс берушіге ұсынамын», – дейді кәсіпкер.

Ал гранттық қаржыға жақында тоқыма машинасын сатып алыпты.

«Тоқыма машинасы еңбек өнімділігі үшін маңызды. Бұйымдарды қолдан тоқу барысында біршама уақыт кетіп қалады. Кей бұйымды 2-3 күнде әзірлеймін, күрделілеріне 1 аптаға дейін уақыт кетеді. Ал тоқыма машинасы бұл олқылықтың орнын толтырады деп үміттенемін. Себебі өнімнің санының артуы табысқа да әсер етері сөзсіз», – дейді Гүлнұр Борбасова. 

Гүлнұр жас аналарға, өзі секілді жастар мен қыз-келіншектерге қолынан келетін қабілеті кәсіпке айналдыруға кеңес берді.

«Тоқыма тоқығысы келетін жастарға кеңес беруге дайынмын. Оң, теріс тоқып үйретуге, әрі қарайғы жұмыстарды да көрсетуге дайынмын. Бастысы, адамның өзінің құлшынысы, қызығушылығы болса болады. Бүгінде кімнің немен айналысқысы келсе де тоқтау жоқ. Қай сала болсын, мүмкіндік жеткілікті. Бастысы,  сол мемлекеттің қолдау тетіктерін тиімді пайдалану керек. «Бастау» жобасын осындай тиімді құрал дер едім. Өте ыңғайлы бағдарлама», – дейді жас кәсіпкер.

Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!