Отандық киім брендтерін білесіз бе?! Иә, ойланып қарасаңыз, кімнің не өндіріп жатқаны қызық?! Ал елдің экономикасын алға сүйреу үшін осы бағытқа баса мән берілген. Қолыңыздағы сағатыңыз бен үстіңізге ілген шүберек қайдан шығады? Ал егер қазақстандық болса, кім жасаған? Елдегі алдыңғы қатарда сұранысқа ие брендтерді зерттеп көрдік.

Әлбетте, нәзікжандыларға қарағанда ер-азаматтардың брендтері некен-саяқ. Өйткені олар шүберекке көп қызыға да бермейтіні анық. Десек те, костюм-шалбардың өзінің түр-түрін талғап киетіндер жетіп артылады. Мұндайда әлеуметтік желіде жарнамасы алыстан қол бұлғап шақыратын «SHOQANSUITS» брендін ерекше атап өтуге болады. Оның негізін салушы қос азамат Ұлықбек Шәріпов пен Нұрсұлтан Магзумов. Олар қазір Қазақстанның бірнеше облысын қамтыған және әлеуметтік желі арқылы жұмысын жүйелі қолға алған. Тігіншілердің дүкендерінде костюм, жейде, галстук, аяқ киім атаулының толық жиынтығына қол жеткізе аласыз. Айтпақшы, осы брендті қолданушы танымал тұлғалардың арасында «Сапасы шетелдік брендтен бір мысқал да кем емес» деген сынды пікірлер бар. Маталардың барлығы Қытай елінен келетін болса, аяқ киімді Гонконгта тігеді екен.

«Kadam.kz»-тің қазақы нақыштағы керемет аяқ киімдері де ұлттық брендті айшықтайды. Әрине көпшілік қолданысында «тек ұлттық мерекеде іздейді» деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Қадамдықтар қазір күнделікті аяқ киімнің өзіне ұлттық ою-өрнектер мен әшекейлерді қолдана бастады. Бүгінде қазақтығы мен азаттығын аяқ киімнің стилінен байқатып жүрген қандастарымыз – «Kadam.kz»-тің тұрақты тұтынушылары.

Ерлер аяқ киімі десе, ойға оралатын шебердің бірі – Самғау Нәсіпхан. Оны желіге кіргеннің бәрі білетін шығар… Қазақтың маңдайына біткен марғасқалардың ішінде Самғаудың шеберханасына соқпайтын адам кемде-кем.

Бүгінде ел арасында «Етікші Самғау» атанып кеткен ол бала күнінен осы кәсіппен шұғылданды. Әкесінің жолын қуды, армандады, сол арманына қол жеткізді. Самғау – SMG брендінің негізін қалаушы. Қазірде оннан астам адаммен команда құрып, басшылық етіп отырса да,  еңбектен қол үзген жоқ.

– Аяқ киімнің дизайнын өзім сызамын. Етікке ою жабыстырып қою әдемі деген сөз емес. Минимализмді сақтай отырып, өнімді барынша ұтымды етіп беруге тырысамын. Табанында немесе негізгі бөлігінде ұлттық оюдың элементтерін қолданамын. Сатып алушылар да ұлттық оюы бар етіктерге қызығушылық білдіреді, – дейді ол.

Жеңіл өнеркәсіп дегенде Қызыл­ордадағы «Dalatex»  киім бренді еске түседі. Әлемнің бірнеше мемлекетіне экспортталатын бұл өнім Сыр өндірісінің өркен жайғанын аңғартады. 200-ден астам қызметкер жұмыс істейтін тігін фабрикасы балаларға, ерлер мен әйелдерге арналған киім үлгілерін тұтынушыларға ұсынып келеді.

Әрине бұл брендтер жеке-жеке тоқталуға лайықты.  

Түйін.

Кей тұстарда қынжылатын деректер де жоқ емес. Еліміздегі ұлттық статистика бюросы елімізде өткен жылы сатылған аяқ киімдердің 97 проценті сырттан алынатынын мәлімдеді. Сонда өзіміз барлық қажеттіліктердің 3 процентін ғана қамтамасыз етіп отырмыз. Ал жалпы киім өнімдерін импорттау 2021 жылы 30 есеге артты. Қазір бұл көрсеткіш төмендеген, бірақ жағдай айтарлықтай мәз емес. Ең қызығы, іш киім импорты жалпы қажеттіліктің 99 процентін құрап отыр. Сонда еліміз халыққа қажетті іш киімнің 1 процентін ғана қамтамасыз етіп отыр.

Сұраныстағы өнім өндірген кәсіпкер де, халық та ұтылмасы анық.

Аян СПАНДИЯР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!