Елімізде жалпы ішкі өнімде орта және шағын бизнестің үлесін ұлғайтуға мән беріліп келеді. Мемлекет бұл мақсатта әрдайым үлкен қолдау жасауда. Иә, қолдаудың нәтижесінде өңірде кәсіпкерлікті өркендетуде оң нәтиже баршылық. Оны дәстүрлі өтетін «Қазақстанның үздік тауары – 2022» көрмесінен байқадық.

Биыл көрмеге қатысуға кәсіпкерлер арасында сұраныс артқан. 60-тан астам жергілікті тауар өндіруші өз өнімдерін көпшілікке ұсынды. Ұйымдастырушылар көрме аясында үш номинация бойынша үздіктерді анықтады. Атап айтқанда, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы сарапқа салынды.
Облыс әкімі бастаған кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңес мүшелері, қаржы институттарының өкілдері мен аймақ кәсіпкерлері және тұрғындар жергілікті тауар өндірушілердің өнімімен танысты. Көрмені тамашалаушылар арасында оң бағаға ие болған бірнеше өнімдерге тоқталсақ. Жаңақорған ауданы аймақта кәсіпкерлік саласында көш ілгері екенін биыл да байқатты. «Мейрамбек» ЖК-нің әжетхана қағазы Қызылорда облысынан бөлек өзге қалаларға да сатылымға шыққан. Кәсіпкер берекелі ісі арқылы 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал 2019 жылы алғашқы өнімін өндірген «Әділет» ЖК шығаратын кір сабындар да көрменің көркін қыздырды. Мұнда жылына 240 000 дана сабын 5 жұмысшының ықпалымен шығады. Сондай-ақ көрмеден қапталған құрт және чечил де табылды. Шиелілік «Халиев» ЖК өндіретін «Жаннұр» брендімен шығарылатын өнім түрлері көпшілік сұранысына ие. 2016 жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан кәсіпорында 12 адам жұмыс істейді. «Абай-Дәулет» ЖШС-нің күріш және сүт өнімдері де тұтынушылар талғамына сай. 2016 жылы құрылған ұйымда 165 адам еңбек етуде. Қармақшы ауданының «Тұрмағамбет» ЖШС-нің өнімдері де жоғары сапамен көпшілікке ұсынылады. Шаруашылықта 170-ке жуық адам жұмыс істейді. Кәсіпкер күріш, макарон, айран, қаймақ, кілегей, балмұздақ өнімдерін шығарады.
Жаңақорғандық жас кәсіпкер, омарташы Оңғарбек Әсенов бір реттік қолдануға арналған бал шығарады. Көрмеде келушілер қызығушылығын тудырған өнімнің бірі болды. 2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкер жылына 2,5-3 тонна бал өндіреді.
– Бірде Нұр-Сұлтан қаласына республикалық форумға бардым. Сол кезде қонақүйде болдым. Сонда бір реттік шай, кофе алып ішіп жүрдік. Сонда «балды неге осылай, кішкене қал­таша­ларға құйып, жасамасқа» деген ой келді. Бұл жолаушы үшін де балаларға да қолайлы болар еді. Сөйтіп интернеттен іздей бастадым. Арнайы құрылғы, қаптайтын қаптамасына дейін сатып алып, осыны жолға қойдым. Қазір сұранысқа ие. Әсіресе, мектеп асханаларынан сұраныс көп. Балдың пайдасы көп қой, әсіресе балалардың иммунитетін көтеруге жақсы. Кешегі індет кезінде тұтынушылар тарапынан сұраныс та көп болды, – дейді кәсіпкер.
Сонымен қатар көрмеде азық-түліктен бөлек құрылыс заттары да ұсынылды. Мәселен, қызылордалық «VEGA-PROM» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын өндірумен айналысады. Компания өкілі Асылжан Аязбаевтың айтуынша, кафель жапсыратын желім, штукатурка, құйылмалы еденнің түр-түрі бар. Өнімдері облыс көлемінен бөлек, Қарағанды, Ақтөбеге сатылады. Жылына 8 мың тоннадан астам өнім өндіріледі.
Көрме-байқаудың салтанатты шарасында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сөз сөйлеп, байқаудың маңызына тоқталды.
– Көрме-байқаудың мақсаты – жергілікті өндіру­шілерге қолдау көрсету, олардың өндіретін тауарлары мен көрсететін қызметтерінің сапасын арттыруға ынталандыру. Биыл байқауға 3 номинация бойынша 60-тан аса кәсіпкер қатысуда. Өткен жылдары республикалық конкурстың нәтижесімен өңірдің 8 кәсіпорыны, атап айтқанда «РЗА», «Абзал және К», «Мағжан және К», «Абай-Дәулет»,«Алтын Орда», «СКЗ-U», «Dalatex» компаниялары және жеке кәсіпкер «Қазбергенов» жеңімпаз болды. Қазіргі қалыптасқан геосаяси және экономикалық жағдайда инфляциялық процестер жылдам қалыптасып, болжам жасауға кері әсерін беруде. Сондықтан әкімдік, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен, бизнес өкілдермен бірлесіп, ішкі нарықтың қажеттіліктерін жабуға және импортқа тәуелділікті барынша жоюға мүмкіндік жасайтын жобаларды іске асыруымыз қажет. Көрмені аралау барысында импорт алмастыратын тауарларды өзімізде шығарудың мүмкіндігі бар екендігіне көз жеткіздік. Біз өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында шикізаттық емес өндірісті дамытуға күш жұмсауымыз қажет. Биыл іске қосылатын бір ғана шыны зауытының маңайында 8 ілеспе кәсіпорын құру мүмкіндігі бар. Бүгінгі күні 3 жоба бойынша жобалау жұмыстары басталды. Былтыр мемлекет тарапынан 3 мыңнан аса жобаға қолдау көрсетілді. Нәтижесінде жұмыс жасайтын кәсіпкерлер саны 6,1%-ке, ал өндірілген өнім көлемі 7,2%-ке өсті. Биыл әртүрлі көздерден кемінде 20 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталады. Кәсіпкерлік саласының дамуын сипаттайтын көрсеткіштер тәуір. Әрі қарайда саланы қолдау жұмыстары жалғасады, – деді облыс әкімі.
Сараптамалық топтың анықтауымен «Қазақстанның үздік тауары – 2022» өңірлік көрме-байқауының жеңімпаздары марапатталды. Үш номинация бойынша 9 жеңімпаз анықталды. Атап айтсақ «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша цемент өнімдерін шығаратын «Компания Гежуба Шиелі Це­мент» ЖШС, мұнай өндірісіне арналған қондырғылар шығаратын «Новомет-Қазақстан» ЖШС, полинилхлорид және төменгі қысымды полиэтилен құбырларын шығаратын «Казахстанская Нефтехимическая Компания Кемикал» ЖШС Қызылорда филиалы жеңімпаз болса, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясын ұлттық киімдер тігумен айналысатын жеке кәсіпкер «Aiman Abdi», құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын «VEGA-PROM» ЖШС және жиһаз дайындайтын «Алистрейд Қазақстан» ЖШС жеңіп алды. «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша өңделген ет, сүт, көкөніс өнімдерін шығаратын «Аруна Агролидер» ЖШС, күріш және күріш өнімдерін өндіретін «Асыл дән LTD» ЖШС, өңделген балық және балық өнімдерін шығаратын «Қарашалаң Сервистік Дайындау Орталығы» ЖШС жеңімпаз атанды.
Шара аясында кәсіпкерлер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында шағын бизнес өкілдеріне демеушілік көрсету жөнінде бастама көтерді.


Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!