Ұлттық киім туралы айтылғанда алдымен Аида Керімқұлова еске түседі. Себебі ұлттық киімді насихаттап жүргендердің бірі – Аида. Көз майын тауысып тіккен киімдерінің жөні бөлек. Мәселен, бір көйлек 2 ай уақытта тігіледі. Безендіруі мен мойшақтарын есептей беріңіз. “Сапа КА” жеңілөнеркәсіп орталығын қазақы нақыштағы киімдерден бөлек, қыз жасауы, құрақ көрпеше мен жастық тігіледі. Қаланың қақ ортасында “Қолөнер” деген дүкені бар. Өзіңізге керек дүниенің бәрін сатып алуға болады. “Менің ұлттық нақыштағы киімдерімді, бұйымдарымды сататын арнайы дүкенім бар. Тапсырыс өте көп деп айта алмаймын. Дегенмен бүгінде ұзатуға, үйлену тойына қазақша киімдерге сұраныс артты. Бейнероликке түсу үшін де сатып алып жататындар бар”, – дейді кәсіпкер әңгіме барысында. Бүгінде «Сапа КА» өнімдері 3 цехта өндіріледі.
– Орталық жұмысын автоматтандыруға көңіл бөлінуде. Қазалы, Арал, Шиелі аудандарында керемет қолөнершілер бар, бірақ енді аппаратпен кестелеуге басымдық береміз. Жеңіл өнеркәсіп саласы Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде жақсы дамыған, сондықтан сол елдерден мамандар шақырып, қызметкерлерді осы жабдықтармен жұмыс істеуге даярладық. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша «Даму», «Атамекен» кәсіпкерлік палатасындағы мамандардың сүйемелдеуімен үлкен жобаны іске асырдық. Пандемия уақытында мүлде демалған жоқпыз. Маска тігуден бөлек, арнайы технология бойынша қорғаныш костюмдерін дайындадық. Шетелден шикізат әкелу жағы қиын болды. Жүк ұшақтары тоқтап қалды. Бірақ Ресеймен арада почта байланысы болғандықтан, шикізатты сол елден алдырдық, – деді А.Керімқұлова. Аида Керімқұлова ұлттық киімдерді тігумен 20 жылдан бері айналысып келеді. Ол кәсіби тігінші, білікті дизайнерлердің бірі. Бір топ тілші шеберханада орналасқан киіз үйге бой түзедік. Оның іші ұлттық киімдер, ұлттық жәдігерлермен толыққан. Бұл жер отбасын құруға бел буған жастар үшін фотосессияға айналған. Бұл да жағымды жаңалықтың бірі.
– Біз әлі күнге дейін қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің түрлілігі мен әдемілігіне таңғалумен келеміз. Ұлттық өрнектердің көптеген техникасы мен мазмұны бар. Тіпті ертеректегі ою-өрнекті алғаш шыққан күйінде қолдансақ та маңыздылығын жойған емес. Ұлттық, этникалық киімдер осынысымен де қызық. Бүгінде жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу өзекті болып отыр. Ұлттық нақыштағы киімдерді заманауи сұранысқа сай етіп тігу арқылы ұлттық рухты оятамыз деп білемін. Сәнге жету қиын, алайда ұлттық нақыштағы киімдер әрдайым өзектілігін жоғалтпайды, – дейді Аида Керімқұлова.
Аида Керімқұлова Ұлы ақынның 175 жылдығында да қалыс қалған жоқ. Олар арнайы Абайдың портретін тікті. Бұл партреттер тапсырыс бойынша тігіліп, шет елге жіберілді. Бір данасы киіз үйдің ең жоғарғысында ілулі тұр. Тігу барысында көптеген қиындықтар болған. Дегенмен де еңбек ақталды. “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорының кәсіпкерлер үшін тиімділігі мол.
Жаннита Қалилаева
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!