Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығымен көрсетілетін қызметтердің бірі – заң қызметі. Ал заңға қатысты оқырмандар арасында сауал көп. Сұрақтарға палатаның менеджер-кеңесшісі Мәдина Қасымжан жауап берді.
– Кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдерінің құқығын қорғайтын арнайы заңгерлер тобы жұмыс істейді. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында да заңгерлік қызмет бар. Ара жігін ажыратып бересіз бе?
– Палатада арнайы кәсіпкелердің құқығын қорғайтын бөлім бар. Аталмыш бөлімдегі заңгерлердің атқаратын рөлі зор, арнайы үлкен істерде жұмыс жасайды. Былай айтқанда, кәсіпкерлердің қорғаушысы десе де болады. Мәселен, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің арасында қандай да бір даулы мәселе туындаған жағдайда, кәсіпкерге сотқа жүгіну қажет болса, бизнес өкілдерінің атынан тиісті талап арызды біздің заңгерлеріміз әзірлеп, мұнымен қоса сот процесінде қорғаушы болып, істі сүйемелдейді. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, азаматтардың барлығы құқық қорғау, сот органдарына құжатты қалай әзірлеу керек екенін біле бермейді. Мұндай жағдайда кәсіпкер ақылы қызметтерге жүгінсе жай ғана арыздың өзін ең кемі 5000 теңгеге жаздырар еді. Ал Палата заңгерлері құжаттарды әзірлеп берумен бірге әрі қарай түрлі органдарда кәсіпкердің заңды өкілі ретінде мүддесін қорғайды.
– Осы жерде енді Кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығындағы заң қызметі туралы айтыңызшы…
– Кәсіпкерлер палатасындағы көрсетілетін қызметтердің барлығы кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарға ақысыз, тегін жүргізіледі. Сондай қызметтердің бірі – мен атқарып отырған заң қызметі. Заң қызметі деп жалпылама айтқанымен де оған 12 бағыт түрі кіреді. Түсінікті болу үшін назарларыңызға толық ұсынғым келеді:
– кәсіпорынды (жеке кәсіпкерді) тіркеу, қайта тіркеу, қызметін тоқтатуға байланысты құжаттарды әзірлеу бойынша кеңес беру қызметтері, сондай-ақ осы бағыттағы құжаттарды әзірлеу
– келісім шарттардың жобасын әзірлеу бойынша кеңес беру, құжаттың жобасын әзірлеу;
– азаматтық және еңбек құқығы саласында кеңестер беру;
– құжат айналымын жүргізу бойынша кеңестер беру;
– ұсыныстар бере отырып, құжат айналымының аудитін жасау;
– несиелендіруге бизнес – жоспардан басқа құжаттар пакетін әзірлеу бойынша кеңестер беру, құжаттар пакетін әзірлеу;
– кадрлық құжаттамаларды жүргізу бойынша кеңестер беру;
– ұсыныстар бере отырып кадрлық құжаттамаларға аудит жүргізу;
– құжаттардың ҚР заңнамаларына сәйкестігін тексеруге байланысты кеңес беру қызметтері.
– Мысал келтіресіз бе…
– Жоғарыда заң қызметі бойынша бағыттарды айтқанда кеңес беру, одан кейін құжаттарды әзірлеу деп бөліп көрсеттім. Кеңес беру мен құжаттарды әзірлеудің айырмашылығына тоқталайын. Кей кәсіпкерлер құжаттарды өздері жасап үйренгісі келеді. Ол кісілер «Өз құқығымды өзім қорғай алатындай жағдайда болғым келеді. Басшы болғаннан кейін басқара алатындай болуым керек» деп кеңес алуға келеді. Әзірлеген құжаттарын көрсетеді. Кеткен кемшілігін, толықтыруларды сұрайды. Бұл жерде мен тек қана кеңес беремін. Заңнамаға сілтемелер айтамын немесе қолдарына шығарып беремін. Ал кәсібін енді бастап жатқан кәсіп иелері еңбек келісім шартынан бастап, өзге де құжаттарын әзірлеп беруге өтініш береді. Мұндай жағдайда құжаттарын толық әзірлеп беремін. Еңбек келісім шартына қатысты айтып өтейін, кәсіпкер қарамағына қызметкер алғаннан кейін еліміздің Еңбек Кодексіне сәйкес жұмыс берушіге айналады. Жұмыс беруші болғаннан кейін еңбек келісім-шартын жасауға міндетті. Өзін де, қызметкерін де қажетті жағдайда қорғай алу мүмкіндігі болу үшін бұл құжат аса маңызды рөл ойнайды, яғни екі тараптың да құқықтары қорғалу керек.
– Жыл басталғалы кәсіпкерлер заң қызметіне қатысты қандай өтініштер білдіруде?
– Өтініштердің басым көпшілігі лицензиялауға қатысты болып отыр. Мысалы, массаж қызметін ашуға, компьютерлік клубтар үшін лицензия керек пе деген секілді сауалдармен жүгінуде. Басым сұрақтардың екінші легін, ашылған кәсіптерді жабуға қатысты кеңес алушылар құрайды. Яғни бұрын ашылған кәсібін жапқан жағдайда алдағы уақытта қандай да бір қиындықтарға кездеспейміз бе деген қаупін де жеткізуде.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!