Жақында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Қармақшы, Жалағаш аудандарына барды. Сол сәтте үй кезегінде тұрған тұрғындарға пәтер кілті табысталды. Оның ішінде көпбалалы отбасылар бар. Бала-шағамен пәтер жағалап, шіліңгір ыстық пен қытымыр аязға қарамастанкөшіп жүрудің қаншалық қиын екені айтпаса да белгілі. 3 жылдан бері үй кезегінде тұрған көпбалалы ана Алтынай Шариева бұл машақаттан құтылды. Енді ол жаңа жылды жаңа үйде қарсы алмақ.
– Үй кезегіне тұрғаныма бірнеше жыл болды. Өзім де, жолдасым да жұмыссызбыз. Бес балам бар, пәтерден-пәтерге көшіп, еңсеміз түсіп кетті. Қайта-қайта үй кезегі жылжыды ма, жоқ па соны білу мақсатында есік тоздырдым. Жақында телефон шырылдап, жақсы жаңалықтың нышаны бар екенін естідім. Бала-шағамның тілегі қабыл болғанына қуанамын. Бізге берілген баспана төрт бөлмелі, жөндеуден өткен. 10 сотық жері бар, – дейді жас ана телефон арқылы тілдескенде.
Балаларының денсаулығына байланысты Алматы қаласында жүрген Айбек Қонысовтың отбасы үшін де бұл жаңалықтың тосын-сый болғаны анық. «Жақында ұлыма ота жасалды, қызыма аллергия шықты. Соны емдеу үшін Алматыға келдік. Мұнда жүріп, ақжолтай хабарды естігенде қуанышымыз еселенді. Аймақ басшылығына, құрышқолды құрылысшыларға ризашылығымды білдіремін. Үйге қол жеткізу – кез келгеннің арманы. Сол арманды арқалаған жандардың тілегі орындалсын, тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген біздің қуанышымыз барша жерлестерімізге бұйырсын», – дейді толқынысын жасырмаған Алтынай Мирамбайқызы.
Азамат, Гүлжанат, Айжігіт, Абдулла, Медина да енді пәтерден-пәтерге көшпейді. Өзгенің шаңырағында қысылып-қымтырылмай, өз шаңырағында емін-еркін доп тебеді.Осындайда жазуы бөлек Ержан Байтілестің «Пенде мен перде» кітабында журналист Қали Сәрсенбайдың Алматыда пәтерден-пәтерге көшіп жүргендегі бейнесі көз алдымызға елестейді. «Алматыда мен көрмеген орыс кемпір қалмады ой. Отызға жуық пәтер ауыстырыппын» деген сөзі баспанасыз жүрген жандарға жақсы таныс.
Басыңда баспанаң болмаса, күйің болмайды. Қуантатыны, қазір бұл мәселені шешуде жүйе бар. Тұрғын үй құрылысы қарқынды. Тәуелсіздік алған жылдан бүгінге дейін облыстың өзінде 8 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді деген дерек бар. Мереке аясында Арал, Қазалы, Қармақшы және Жалағаш аудандарының тұрғындарына 111 пәтер бұйырды. Бұл – ел игілігі жолында атқарылып жатқан істердің бір парасы ғана.
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!