Биыл Жаңақорған ауданына қарасты «Жыңғылдысай» көлінің маңынан жылына 1-5 млн. дана балық шабақтарын шығаратын инкубациялық цех пен шабақ өсіру питомнигін іске қосу жоспарлануда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Жанқожа Сапаров мәлімдеді.
Сондай-ақ, биыл балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы әзірленіп, 2030 жылға дейін 16 мың тонна балық өндіру көзделген.
«Бағдарлама аясында балық экспорты 4, ал тауарлы балық өндіру көлемі 115 есеге өседі. Бұған қоса, 1500 жұмыс орны құрылады. Алдағы уақытта, балық шаруашылықтарының санын көбейту бағытында жұмыстар жүргізу жоспарлануда. Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың дамуына өз әсерін тигізетін болады. Жоба шеңберінде жылына 12950 тонна балық шығаратын 16 шарбақтық шаруашылық, 12 мың тонна балық өсіретін 12 шаруашылық құру, 400 тонна болатын 3 тұйықталған жүйелі сумен қамтамасыз етілген және 1450 тонна балық өсіретін 55 көл-тауарлы су айдыны ұйымдастырылады», – деді Жанқожа Рамбердіұлы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!