Өткен аптаның еншісінде Достық үйінде «Кәсіпкерлікті дамыту – қуатты экономиканың негізі» тақырыбында өткен семинар бар. Кәсіпкерлер мен жастар қатысқан іс-шараның ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Пакуатдин Шамұратов шағын және орта бизнес үшін Үкімет тарапынан және облыс деңгейінде жүзеге асырылып жатқан қолдау шараларына тоқталды.

– Биыл облыс орталығындағы жеке кәсіпкерліктің 1409 жобасы барлық қаржы көздерінен 30 миллиард теңгеге қаржыландырылды. Нәтижесінде қала кәсіпкерінің саны 33 мыңнан, ондағы жұмыспен қамтылған адам саны 65 мыңнан асты. Шағын және орта кәсіпкерлікпен 300 миллиард теңгеге өнім өндірілді, – деді Пакуатдин Сражадинұлы.

Биылға жоспарланған 273 миллиард теңгеге жуық инвестицияның 224 миллиард 500 миллион теңгесі қалаға тартылған. Шаһардың бюджеті 110 миллиард 800 миллион теңгеге жетіп,өсім 90,4 пайызды құрады.

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, инклюзивті орта қалыптастыру және мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмыс сапасын жақсарту ісінде түрлі бастамаларды жүзеге асырып жүрген 29 әлеуметтік кәсіпкерге де қолдау шаралары көрсетілуде.

Ал семинардың бірінші кезеңінде жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері қойылған көрме таныстырылып, қаланың әлеуметтік- экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар кәсіп иесі қала әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Жиын барысында «Халық» қайырымдылық қорының Алматы облысы бойынша филиалының жоба менеджері Шыма Ербол, «The One System» компаниясының негізін қалаушы Аслан Жұмабаев, «NP-Consulting» ЖШС директоры Ғалым Прекешев, «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысы Балдырған Мәмен мен ҚР АШМ Қаржылық құралдар және микрокредит беру департаментінің бас сарапшысы Сұңғат Серікбайұлы бизнесті ойлау психологиясы, жүйелеу әдістері секілді түрлі тақырыпта сөз қозғады.

Кәсіпкерлік бағытта сөз қозғағанда жастардың да үлесін тілге тиек еткен жөн. Қазандағы жағдайды ескерсек, аймақта шағын және орта кәсіп бойынша 69015 субъекті тіркелген. Оның 30 061-і, яғни 43,5%-ын жас кәсіпкер құрайды. 6 айдың қорытындысымен мемлекеттік қаржылық қолдау бағдарламасы аясында бюджеттен жыл басынан бері жалпы несие портфелі 16 миллиард теңгені құрайтын 494 жоба субсидияланса, 3,7 милиард теңгені құрайтын 130 жоба жас кәсіпкерлердің үлесінде. Міне, аймақтағы жастар кәсіпкерлігінің көрсеткіші осындай.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!