Мемлекет басшысы еліміздегі кәсіпкерлік нысандарының санын арттырып, әлеуметтің әлеуеті оң тенденцияға түсуі жолында нық қадамға баратынын жеткізді.
«… Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз» деді президент.
Бұдан бөлек бастамаларды ынталандыру, яғни мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тартуды көздеген болатын. Осыдан-ақ кәсіпкерлік кәсіби өркендеуге қадам басты деуге болады. Енді осыған байланысты қандай шаралар атқарылғанын бағамдасақ.
Дерек бойынша 2020 жылы тіркелген кәсіпкерлер саны 4,3 пайызға ұлғайып, 54700 бірлікті, 2021 жылы 4,2 пайызға ұлғайып, 56976 бірлікті, ал өткен жылы 3,6 пайызға артып, 59023 бірлікті құрады. Ал қазір оның саны едәуір артқан. Оның ішінде жұмыс істейтін кәсіпкерлердің саны 2020 жылы 48657 бірлікті құраған болса, 2021 жылы 4,9 пайызға ұлғайып, 51063 бірлікке, ал 2022 жылдың 1 шілдесі жағдайында 5,2 пайызға ұлғайып 53725 бірлікке жетті. Бұл көрсеткіш қазір де өзгеріске ұшырап, саны артуда. Ал биыл кәсіпкерлікті қолдау Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде іске асуда. Оның шеңберінде жеңілдікпен несие, мемлекеттік гранттар беру, қажетті инженерлік инфрақұрылымды жеткізу қарастырылған. Жалпы, жаңа бизнес-идеяларға 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік гранттар беру Үкіметтің қаулысымен бекітілген арнайы ережеге сәйкес іске асады. Оның жергілікті деңгейде үйлестіруші органы ретінде кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы айқындалған. Бұл қолдау құралын іске асыру үшін қоғамдық бірлестіктер, салалық сарапшылар, ғылыми-білім беру мекемелері, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары мен атқарушы билік өкілдерінің міндетті қатысуын қамтамасыз ете отырып, комиссия құрылады. Комиссия бизнес-идеяның жаңашылдығы, оның бәсекеге қабілеттілігіне қарай бағалау жүрігізіп, жобаларды іріктейді. Жобаны іске асыру үшін кәсіпкер сұратылған грант сомасының кемінде 10 пайыз көлемінде жобаны бірлесіп қаржыландыруы және жұмыс орындарын құруы тиіс. Бұл – халықтың әлеуметтік осал тобындағы азаматтарды қоспағанда, барлық қатысушы шағын кәсіпкерлер үшін міндетті шарт.
Айта кету қажет, егер кәсіпкердің салық пен мемлекеттік бюджетке басқа да міндетті төлемдері, сондай-ақ кредиттік тарихына сәйкес қаржылық міндеттемелері бойынша мерзімі өткен берешегі болса, онда оған грант қаржысы берілмейді.
Жақында Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1 қаңтардан бастап күшіне енген 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде жастарға жеңілдікпен шағын несие беру туралы ақпаратпен бөлісті. Бұл туралы министр Тамара Дүйсенова «2,5 пайыздық несие 35 жасқа дейінгі адамдарға ғана беріледі.
Несие нақты бір салаға арналмаған. Оны алғысы келетін адам кез келген бизнес аша алады.Басты талап – сұраныстың болуы» деген еді.
Ендеше, замандастардан креативті идея, ел дамуына серпін берер жобалар күтеміз!
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!