Бизнес пен кәсіпкерлік – нарықтық экономиканың басты элементтерінің бірі. Онсыз мемлекеттің қарқынды дамуын елестету қиын. Бизнес және кәсіпкерлік мемлекеттің экономикалық өсу қарқынына, жалпы ұлттық өнімнің құрылымына, көлемі мен сапасына әсер етеді. Кәсіпкерлік еңбектің басқа түрлерінен оқшауланып тұрады. Еліміздің ұзақ мерзімді стратегиялық даму жоспарында кәсіпкерлікті дамыту саласы негізгі индикаторлардың бірі болып белгіленген. Атақты неміс экономисі, Гарвард университетінің профессоры Иозиф Шумпетердің « Кәсіпкер болу – басқаның істегенін қайталамау» деген сөзі осының дәлелі іспетті. Өз еңбегін ұйымдастыра білген адам кәсібін дөңгелете алады. Өңірімізде де сондай жандар жетерлік.
Осы орайда Қызылорда облысының «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен Достық үйінде TedX форматында «Табыс. Жетістік. Құпия» атты кәсіпкерлермен кездесу өтті. TED – бұл әлемнің мықты деген адамдарынан тегін шабыт пен білім алатын платформа. Бұндай конференцияға шынымен айтары, көрсетері бар жандар қатысады. Сіз осы жерден әртүрлі тақырып бойынша идеялар табасыз. Шаһарымыздағы бұндай шараға облысымызға белгілі кәсіпкерлер: «Абзал және К» ТС директоры М.Ералиев, «Раим» ЖШС құрылтайшысы Е.Раимов, журналист, блогер А.Арыстанбек, «Aida couture» дизайн студиясының директоры А.Темір қатысты.
Ерлан Раимов – «Раим» ЖШС құрылтайшысы, облыстық кәсіпкерлер палатасының мүшесі. Аймағымызға белгілі табысты кәсіпкер, конференцияда алғашқылардың бірі болып өз өмір жолы мен «Қыз Жібек» ұлттық мейрамханасының ашылу тарихымен бөлісті. Кезінде анасы, апалары сияқты педагог болуды армандаған, бірақ Кеңес Одағы тарап, жоспары өзгерген. Е.Раимов отбасының оныншы – кенже баласы болғандықтан ата-анасын қамтамасыз ету керек болғандықтан кәсіпке қарай бет бұра бастайды. Алғаш кішкене дүңгіршекті жалға алып, сусындар сатқан. Кейін қарызға ақша алып, шетелдерден тауарлар әкеліп сатқан. 1995 жылы қаламыздағы атақты «Қыз Жібек» мейрамханасын ашады. Ол кезде мейрамханада небәрі 5 адам ғана жұмыс істеген. Тура екі жылдан кейін «Раим» ЖШС-ын құрады. Сол кезде де, қазір де серіктестіктің негізгі қызметі қоғамдық тамақтану. Көрсетілетін қызметтердің сапасын, жоғары талаптарын мейрамхана қонақтары Елбасы және Дүниежүзілік банктің президенті, Азияда ойындарына келген шетел қонақтары дәлелдей алады. Осындай қызығы мен шыжығы қатар жүрген өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастарға мотивация, кеңес берді.
– Кітап оқыңыздар, өмір тарихы жайлы кітаптар сіздерге нұсқаулық бола алады. Ешқашан берілмеңіздер, Отаныңызды сүйіңіз, жетістікке жетіңіз! – деп, оқыған адам ғана жетістікке жете алатынын өзін мысалға ала отырып ұғындырды кәсіпкер Е.Раимов.
Келесі модератор көп балалы ана, ақын, журналист, блогер – Асылзат Арыстанбек. Көпшілік қауымға ақын ретінде танымал оның өз өмірі үшін күресі таңқаларлық және үлгі тұтарлық. Білімге құштар Асылзат талмай еңбек етіп, ақша жинап, жоғары оқу орнына оқуға түседі. Бірақ денсаулығы сыр беріп, бірнеше рет жүрек талмасы ауруынан, оқуында үзіліс алады. 2008 жылы обыр ауруына шалдыққанын білгеннен кейін өмір мен шығармашылыққа жақын жүрегі құлази бастаған. Алайда айығудан күдер үзбеген ақын арнайы препараттар көмегімен газеттегі қызметі мен қалыпты өмірін жалғастыра берген. Уақыт өте келе ауруы асқынып, шашы да сирей бастаған және басындағы ісігі үлкейіп, химия жасатады. Осылай жүргенде аяғы ауыр екенін естіп, химиядан бас тартып, қызын өте ауыр жағдайда дүниеге әкелген. Бала алты айдан асқанда ол қайта әлсіреп, есінен танып қала бергендіктен, ауруханаға жатуға мәжбүр болады. Сол кезде телефон, теледидар қарауға болмайтынын білетін ол, оған қарамастан осы дерттен айығып шыққандар жайлы ақпараттар іздестіріп, америкалық психолог, жазушы Луйза Хейдің кітабын тауып оқиды. Бұл кітап авторының аурудан үш айда ойша жаттығулардың арқасында арылғанын біліп, соны қолдану үшін ауылына барады. Осы жаттығуларды үзбей орындап, үш айдан кейін тексерілуге барса, ғажайып нәрсе ауыруының ізі де қалмаған екен. Бүгінде дәл осындай күйзелісте, өмірімен күресіп жүрген жандарға «Дертті жеңуге болады!» атты марафондар ұйымдастырып келеді. «Біз өзіміздің жанымыз, тәніміз жайлы дым білмейді екенбіз. Егер өзіңізге үңілсеңіз, осының өзі бізге көп білім болар еді»- дейді қатерлі ісікті жеңген Асылзат.
Мағжан Ералиев – облыстық мәслихат депутаты, «Абзал және К» ТС директоры, жас кәсіпкер. «Абзал және К» – бұл аграрлық сектордағы Қазақстандағы күріш өнеркәсібіндегі қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорындардың бірі. Компания осындай кең танымалдылыққа өзінің негізін қалаушы – отандық күріш өндірісіне баға жетпес үлес қосқан Абзал Ералиевтің арқасында ие болды. Қазір оның жұмысын баласы Мағжан Ералиев жалғастыруда. Бұған дейін компанияда логист, жеткізуші және зауыттың менеджері болып жұмыс істеген. Осыдан кейін компания директорының орынбасары болып тағайындалып, қазір компанияны басқарып отыр. «Отбасылық бизнесті дамытуды менің қолыма әкем тапсырды. Бұл – әкемнің аманаты. Әрине, біріншіден, сіз бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауыңыз керек, екіншіден, барлық күш-жігеріңізді кү_ріш өндірісін дамытуға жұмсауыңыз керек. Мұндай сөз бар – «бәрін кадрлар шешеді». Біздің мықты қызметкерлер мен мамандардың арқасында біз, жас ұрпақ, күріш өндірісін жаңа деңгейге шығардық. Сондай-ақ 2019 жылдың қыркүйегінде күрішті қайта өңдеу зауыты іске қосылды, бұл біздің еліміздегі алғашқы сандық күріш өңдеу зауыты», – деді жас кәсіпкер. Компания директоры жұмыста тәртіп маңызды екенін айтты. Оның айтуынша, қызметкерлер жақсы жұмыс жасау үшін оларға жақсы жағдай жасау қажет. Бұл – тұрақты жалақы, ынталандыру үшін сыйлықтар тарту ету. Сонымен қатар қызметкерлер тәжірибе алмасу үшін шетелдерге оқуға гранттар бөледі. 2017 жылы ол басқаратын компания «Алтын Сапа 2017» ҚР Президенті жүлдесінің «Азық-түлік және ауылшаруашылық өнімдерін шығаратын ең үздік кәсіпкер» номинациясы бойынша жүлдегері болды. Ол мүмкіндігі шектеулі балалар мен аз қамтылған отбасылар үшін қайырымдылық науқандарын өткізіп тұрады. Жыл сайынғы өткізілетін «Туған жерге тағзым» жобасының төңірегінде өзінің туған ауылы Н.Илиясов ауылының дамуына үлесін қосып келеді. Жастарға «Білім алу керек, оқу керек. Сіздерде үлкен мүмкіндіктер бар. Алда бизнес бастаймыз десеңіздер қорықпай алға ұмтылыңыздар» – деді М.Ералиев.
Дизайнер, «Aida couture» дизайн-студиясының директоры – Аида Темір. Кішкентайынан киім тігуге жақын болғанмен ата-анасы бұл іспен айналысуын құптамаған. Тіпті Аиданы қалауынсыз Алматы қаласына дефектология мамандығына оқуға түсіргісі келген. Алайда жақындарының қарсылығына қарамастан өзінің арман, мақсатына талпынып, Қорқыт ата университетінің дизайн мамандығына оқуға түседі. Сол кезден-ақ өз талантын таныта біліп, түрлі республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындармен марапатталған. Университет қабырғасында соңғы үлгідегі түрлі орамалдар мен кешкі көйлектер тігіп, тапсырыстар қабылдаған. Осылайша өз бизнесін бастап, ателье ашып, тапсырыстар көлемін ұлғайтқан. Өзі жас болса да, шәкірттер қабылдап, өз білімімен бөлісіп жүр. «Ешқашан тоқтамаңыздар! Жүректеріңіздің қалауын ғана жасаңыздар! Барлығы мүмкін екеніне сеніңіздер!» – деп мотивация берді дизайнер.
Аталмыш шараның мақсаты жастарға арналған мүмкіндіктер, бизнесті ашу және дамыту тәжірибесімен бөлісу, кәсіпкер болудың қыр-сырын үйретіп, жастарды ынталандыру болды. Мемлекет кәсіпкерлердің арқасында, ал кәсіпкерлер өз мемлекетінің қолдауының арқасында өркендейді. Елімізде жылдан-жылға кәсіпорындардың саны көбеюде. Нарықтың қатаң талабына шыдай білген кәсіпорындар өмір сүруде.
Жансая ТІЛЕУ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!