Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шіркейлі ауылының тұрғыны Жұмабек Көпбергенов осыдан бірнеше жыл бұрын қайтарымсыз қаражат көмегімен көлік жөндеу және желімдеу орталығын ашып, бірнеше жылдан бері халыққа көмегін тигізіп келеді.
– Өзім такси болып, жолаушы тасымалдадым. Содан ғой, жолдың жай-күйін жақсы білемін. Титықтап тиын тапқан соң, доңғалақты жаңарту қайдан?! Біреудің ескі-құсқысын әлдеқандай ғып салып аламыз. Сосын әр күні таңертең «Мынаумен қалаға жете алам ба?» деп ойланып отырғаның. Осындай күндер өтті. Енді елдегілер менің орталығыма келіп, көлігін толық жөндетіп ала алады, – деді Жұмабек Ақбергенұлы.
Орталықты аша сала қаумалаған жұрт жағдайын айтып келеді. Бірінің қозғалтқышы, бірінің доңғалағы, тағы бірінің стартері істен шығып жатады. Ондайда қолынан келмейтіні жоқ Жұмекең білек сыбана кіріседі. Орталыққа көлігінің аяқасты бұзылғанына кіржиіп келген адамның жадырап шығып бара жатқанын талай көрдік.
Біз барғанда кәсіпкердің жұмысы қызып жатыр екен. Айтуынша, көктемдегі тіршілікпен қатар, орталықта да жұмыс көбейеді. Ауылдық жер болғандықтан егін егу, жер жырту тәрізді маусымдық жұмыстарға жүк көліктері мен ауыр техникалардың доңғалақтарынан бастап, түрлі қажетті бөлшектерін жөндеуден өткізеді. Шаруашылық та ат арытып облыс орталығына бармайтын болды.
– Қоғалыкөл, Шаған, Н.Ілиясов, Шіркейлі ауылдарына ортақ нысан бұл. Қай ауылдың болмасын, көліктері келсе, есік ашық. Еңбегіміз ел игілігі үшін деген ниет. Халықтың батасын алғанымның өзі үлкен бақыт. Жұрттың жұмысын жеңілдеттім деп ойлаймын. Әйтпегенде, қалаға барып, жолға бір, жөндеуге бір шығындалады, – деді кәсіпкер бізбен әңгімесінде.
Ол – ІІ топ мүгедегі. Соған қарамастан, халыққа қызмет көрсетіп, табыс тауып, талайдың алғысын алып отыр. «Алма піс, аузыма түс» деп мемлекет беретін жәрдемақыға қол жайған жоқ. Керісінше, өзін қайрап, қажет нәрсеге өз еңбегіммен жетемін деп мақсат қойды. Бұл күнде Жұмабекті ауыл тұрғындары үлгі тұтады. Себебі, рухы мықты жан ешқашан жеңілген емес.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!