Ақмола облысында мал қырылып, оннан аса адам «сібір жарасы» диагнозымен ауруханаға жатқызылуына байланысты 1 қыркүйектен бастап Үшқарасу ауылы екі аптаға карантинге жабылады. Бұл туралы Ақмола облысының ветеринария басқармасы ресми сайтында хабарлады.

Өңірлік ветеринария басқармасының мәліметінше, 28 тамызда Ақмола облысы бойынша Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен Жарқайың ауданында ЖШС жұмысшыларының «сібір жарасы» ауруын жұқтыруы мүмкін екені туралы хабарлама келіп түскен. Директордың айтуынша, ЖШС-ға тиесілі 32 бас ірі қара өлген. Қырылған мал жойылып, комиссия етті тәркілеген.

Есіл аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне 12 адам жатқызылды. Сондай-ақ байланыста болған 22 адам анықталды, олар Жарқайың орталық аудандық ауруханасының медицина қызметкерлерінің бақылауында. Клиникалық көрініс нәтижесі бойынша «сібір жарасы» диагнозы қойылды. Науқастар клиникалық хаттамаға сәйкес ем алады, детоксикация терапиясы, антибиотикалық терапия жүргізілуде, – делінген облыстық ветеринария басқармасы таратқан хабарламада.

Сонымен қатар облыстық ветеринария басқармасы қазіргі таңда санитариялық қызметпен эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізіліп жатқанын, аудандық бас санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынғанын атап өтті. Бұдан бөлек, басқарма барлық тексерілген орталықта қорытынды дезинфекция жүргізілетінін, оқиға орнында Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, денсаулық сақтау, ветеринариялық бақылау комитетінің аумақтық инспекциясы және ветеринарлық басқарма қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы жұмыс істеп жатқанын айта кетті.

Ертең (1 қыркүйктен) Үшқарасу ауылының аумағында карантин жарияланады. Жұқтыру ошағын жою жұмыстары жүргізілуде. Үшқарасу ауылындағы аудандық ішкі істер бөлімінде ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды шектеу туралы жазбалар ілінді. Ауылға кіре берісте (шыға берісте) полиция жасақтары қойылып, кіретін-шығатын көліктер мен тұрғындар есепке алынуда. Жағдай жауапты мемлекеттік органдардың бақылауында, – делінген Ақмола облыстық ветеринария басқармасының хабарламасында.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!