Медбикенің жұмысы қызық әрі қиын. Қанша жыл жинаған білімін адамды құтқару жолында сарп ететін бұл мамандық иелері Қызылорда облысы бойынша қылмыстық – атқару жүйесі департаментінің № 60 мекемесінде де қызмет етеді. 900 – ға жуық жазасын өтеуші азаматтарға күнделікті көмек қолын созатын 5 медбике бар. Мекемеде дәрігердің науқасқа тағайындаған емін жүргізу медбикеге жүктеледі. Бұл жақта медбикелерге жұмыс тіпті көп. Мекемеге енді келген азаматтарға карантин бөлімінде бәрін алдын ала түсіндіру, ауыр науқастар болса жағдайын қадағалау, олардың денсаулығын бақылау да — осы маманның міндеті. Қиын жағдайда жатқан науқас болса, жедел жәрдем келгенге дейін алғашқы медициналық көмекті де медбикелер беред
- 5 жыл медбике қызметімде түрлі жағдай болды Біздің жұмыста «8 сағат істедім, жұмысым аяқталды» деген нәрсе жоқ. Ауру деген күн – түнге, жыл мезгіліне қарамайды. Дәл қазір вирус жұқтырғандарды емдеп жатқан дәрігерлер сияқты үй бетін көрмей жұмыс істейтін кездер болады. Темір торға тоғытылған адамның денсаулығы сыр бергенде агрессия көрсетуі мүмкін. Мұндай жағдайда медбике өзін қорғап тұрып, пациентке қалай көмектесу керек екенін білуі керек. Нұсқаулық бойынша дәрі-дәрмек алатын сотталғандардың дәрісін уақтылы ішуін де біз қадағалаймыз. , — деді №60 мекеме медбикесі Эльмира Рахметуллақызы.
Мекемеде ем алып, тез жазылып кету үшін жазасын өтеуші азамат ең алдымен өзін емдеп жатқан дәрігер мен медбикелерге көмектесуі керек. Ол үшін маман тағайындаған емді қабылдап, берген кеңесін бұлжытпай орындауы қажет. Себебі, екі жақтан бірігіп істеген жұмыс ешқашан олқы болмайды.
«12 мамыр — Медбикелердің халықаралық күнін жылда ұжыммен атап өтуге тырысамыз. Отбасым, жақындарым бұл күні құттықтап, жылы лебізін білдіреді. Еңбегіміз бағаланбай, марапатсыз қалып көргеніміз жоқ. Осы саланы таңдағанда адамды құтқарып қалуға ант береміз. Сөз бергеннен кейін өзімізді аурудан сақтай отырып, мекемеде жазасын өтеушілердің денсаулығы үшін алғы шепте күресуіміз керек. Мамандығым өте таза, ұқыпты болуды үйретті. Медициналық аймаққа кірмей тұрып бүкіл құрал – жабдықтың таза болуын, құралдардың жарайтын -жарамайтынын тексеремін. Жылда мерекеде мекеме бастығы тарапынан марапат қағазын аламыз. Бұл күнді отбасымызбен де атап өтеміз. Бұл жерде жұмыс істеп жүрген барлық маманға сарқылмас төзім тілеймін» , — деді мекеме медикесі Тумар Муратовна.
Медбике науқасқа қажет кезде үміт сыйлауы керек. Ол үшін ең алдымен білікті маман ретінде кез – келген адаммен сөйлескенде этиканы сақтағаны абзал. Себебі, жазасын өтеуші азаматтармен жұмыс жасау өте қауырт іс.
«Медбикенің жұмысына ең қажет нәрсе — өз ісіне және науқастарға жауапкершілікпен қарау. Әр емнің өз уақыты бар, соны ұстану керек, таза жүру керек. Тағы бір қажет нәрсе — білім. Жалпы барлық маманға білім керек, медбикелерге ол екі есе қажет. Ол науқасқа дәрігер нұсқаулығы бойынша дәрі – дәрмегін беріп, одан кейін де қабылдап алып, жағдайын қадағалайды. Әсіресе ерекше күтімді қажет ететін пациенттер де бар. Науқастың тамақтануы, жуынуы, оны тұрғызып, жүргізу, жарасын таңу — бәрі медбикенің жұмысы. Өз мамандығымды жаңылмай таңдағаннан кейін, ісіме жауапкершілікпен қараудамын. Алдағы уақытта да ешқандай қателікке жол бермеуге барымды саламын» — деді Шапағат Асылбекұлы.
Бұл мекеменің медицина мамандарына төзімділікті ту етіп ұстаған абзал жандар. Өзіне, денсаулығына қарамай, отбасынан кей кезде жұмысты алғашқы орынға қойып жатқан мамандарды мекеме басшылығы ерекше қолдау көрсетуде. Өйткені, бұл жақтағы мейірбике ісі – денсаулық сақтау жүйесінің бөлінбес бөлшегі!
Адина Жомартқызы
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!