Облыста қант диабетіне шалдыққан 16 211 адам бар. Инсулин гармонының жетіспеушілігінен туындайтын бұл сырқат күрделі аурулардың бірі. Оның алдын алып немесе асқынуға жол бермеу – бүгінгі медицинаның алдына қойған мақсаттарының бірі.
Осы орайда халықты ақпараттандыру және сақтандыру үшін облыстық бала- лар эндокринологы, көпбейінді облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Уксикбаева мен көпбейінді облыстық ауруханасының эндокринолог дәрігері Меруерт Бодықова өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында брифинг берді.
– Қант диабеті – бұл созылмалы патология. Онда метоболизмнің бұзылуы, ең алдымен көмірсулардың бұзылуы орын алады. Ол инсулин өндірісінің жетіспеушілігінен немесе тіндердің осы гармонды қабылдамауына байланысты дамиды. Бұл, әсіресе, балалық шақта күрт басталып, тез нашарлайды. Балалардағы қант диабетінің ағымын диабеталды кезең және клиникалық кезең деп екіге бөлеміз. Алғашқысы – потологиялық процестер басталған, бірақ айқын белгілері жоқ жағдай болса, ал клиникалық кезең жарқын белгілерімен сипатталады. Негізінен қант диабетімен ауыратын адамның көпшілігінде бастапқы уақытта ешқандай белгілер байқалмайды. Сондықтан медицина мамандары қант диабеті белгілерінің жалпы көріністеріне мұқият болуға шақырады. Мәселен, айқын шөлдеу, зәр шығарудың жоғарылауы, жиі аштық сезімі мен көздің бұлыңғыр көруі, дене салмағының төмендеуі, тез шаршау мен әлсіздік және терінің қабынып, зақымдануынан кейін емдеудің қиын жүргізілуі аурудың белгілері болып отыр. Балалар арасындағы қант диабетінің алдын алу үшін дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстанып, ұйқы мен демалыс режимін дұрыстау маңызды, – деді облыстық балалар эндокринологы, көпбейінді облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Уксикбаева.
Эпидемиологиялық зерттеулердің деректері бойынша жыл сайынғы өсім науқастардың жалпы санының 5,9 пайызын құрайды. Бұл жөнінде көпбейінді облыстық ауруханасының эндокринолог дәрігері Меруерт Бодықова айтты.
– Бұл ретте әрбір 15 жыл сайын қант диабетімен ауыратын науқастар саны екі есе артуда. Қант диабетінің ең басты себептерінің бірі – тамақтану салтының өзгеруі, атап айтқанда қантқа тез айналатын көміртегі бар тағамдарды шектен тыс пайдалану. Қызылорда облысы бойынша мәліметке сәйкес, бүгінгі таңда 16 211 адам есепте тұрады. Оның ішіндегі ер адамдар саны – 7 021 болса, әйелдердің саны 9 882-ні құрайды, – деді маман.
Қант диабетімен күрес жолында диета ұстау маңызды және бұл емдеудің қарапайым жолдарының бірі. Яғни диетотерапиямен ауруды 3 жылға дейін асқындырмай ұстауға болады.
Бірінші типтік қан диабетінің алдын алу көбіне мүмкін емес. Алайда кейбір әрекеттер оның асқынуынан, сондай-ақ дамуынан қорғауы мүмкін. Ол үшін дұрыс тамақтану, тамақтың құрамына жіті мән беру керек және суық тию мен инфекциялық аурулардан сақтану маңызды. Алкоголь тұтынуға және шылым шегуден бас тарту керек.
Екінші типті қан диабетімен сырқаттанған адам жарты жыл сайын өзінің глюкоза мөлшерін тексертіп, ем шараларын уақытылы жүргізуі тиіс. Бұл да аурудың күшею процессін тежейді.
Асқыну жағдайларына тоқтала кетсек. Көрудің нашарлауы, жүрек-қан тамырлар жүйесінің зақымдалуы, бүйрек жұмысының бұзылуы – бұл сырқаттың белең алғанынан хабардар етеді. Сондай-ақ бұл тізімге семіздікті де жатқызуға болады. Себебі қант диабеті кезінде «аштық сезімі» көп орын алады.
«Аурудың емін іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, қант диабетінен сақтану үшін күніне 30 минуттан кем емес уақытыңызды физикалық қозғалысқа жұмсаңыз. Сондай-ақ жан мен тәннің тыныштығын сақтап, күйзеліске түспеуге тырысыңыз. Уақытылы тексерістен өтіп, денсаулығыңызға бей-жай қарамаңыз, құрметті оқырман!
«АЖ» ақпарат
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!