Жуырда 5 жасқа дейінгі балаларға профилактикалық тексеруді жүргізуге 802 млн теңге бөлінді. Қазақстанда 6,5 млн. астам бала бар, оның 316 мыңы Қызылорда облысында. Бала дүниеге келгеннен бастап оның денсаулығы ерекше назарға алынады деді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов.

Әрбір бала үшін мемлекет ай сайын жарналар төлейді. Осының арқасында кішкентай азаматтар МӘМС пакетінде медициналық көмектің кеңейтілген тізіміне қол жеткізе алады. Биыл біздің өңірден 5 жасқа дейінгі балаларға профилактикалық тексеруді жүргізуге 802 млн теңге бөлінді.

«Сонымен бірге, МӘМС жүйесі 18 жасқа дейінгі балаларға тістерін шұғыл түрде де, жоспарлы түрде де емдеуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда аймақта 40 стоматологиялық қызмет жеткізушісі бар. Жыл басынан бері олар 690 млн теңгеге стоматологиялық қызмет көрсетті. Медициналық сақтандыруды енгізумен бірге мектеп медицинасы да жаңа қарқынмен дами бастады», – Бақыт Торғайбайұлы.

Сондай-ақ, балалар мемлекет бекіткен тегін дәрі-дәрмекпен де қамтамасыз етіледі. 73 нозология бойынша, оның ішінде жүйке жүйесі, жұқпалы аурулар, протозойлы аурулар, гельминтоздар, паразитарлық аурулар, зең инфекциялары, көру органдарының аурулары, есту ағзаларының аурулары, онкология, қатерлі ісіктер, тыныс алу ағзаларының, ас қорыту ағзаларының аурулары, дамудың кідірістері бойынша 371 дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдармен қамтамасыз етіледі. Ал, балаларға жоғары технологияларды қолдана отырып, шұғыл және жоспарлы қымбат оталар тегін жүргізіледі.

«Айта кету керек, балаларға медициналық оңалту қызметтері қарастырылған, ал ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін «Қамқорлық» оңалту бағдарламасымен көмектер көрсетіледі. Қызылорда қаласындағы көпсалалы облыстық балалар ауруханасы «Қамқорлық» бағдарламасы аясында екінші және үшінші кезеңдерді оңалту қызметтерін көрсетеді. Осы мақсатта 2022 жылға 103,8 млн теңге бөлді. Жалпы, елімізде 34 оңалту орталығы жұмыс істейді, оның 3-і республикалық деңгейде», -деді көп бейінді облыстық аурухананың дәрігері Мереке Беккулиева.

Бұдан басқа, 18 жасқа дейінгі балалар УДЗ, рентген, КТ және МРТ, ЭКГ тегін өтеді, қажетті талдауларды тапсырады және қажет болған жағдайда басқа консультациялық-диагностикалық қызметтерді ала алады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!