Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – 2017 жылдан бері елімізде күн тәртібінен түспей келе жатқан денсаулық сақтау саласының ең маңызды реформаларының бірі. 2020 жылы қазақстандықтарға игілігін көрсете бастауға тиіс аталған реформа, шын мәнінде  денсаулық сақтау саласына оң серпіліс бере алды ма?

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ұсынған ресми ақпараттарға сүйенетін болсақ, халық медициналық сақтандыру шеңберінде тегін көмектің түр-түріне қол жеткізіп,  медицина саласының қызметкерлері еңбегіне сәйкес үстемақы алуда. Ал, анығында, ел азаматтарына медициналық сақтандыру жүйесі не берді? Былтыр ел азаматтары жалақысының 1%-ын қорға аударса, биылдан бастап бұл 2%-ға өсті. Жарнапұлдың өсуі сапалы қызметке кепілдік бере ме?

«Шаңырақ» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Міндетті әлеуметтік сақтандыру: проблемалары мен перспективалары» тақырыбында өткен онлайн дөңгелек үстелде сала мамандары осындай бірқатар мәселелерді талқылады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры заңды және жеке тұлғалармен жұмыс жасау департаментінің директоры Забира Оразалиева 2020 жылды қорытындылай келе былай дейді: «2017 жылдың жарты жылдығынан бастап қорға жиналған қаражат көлемі 500 млрд теңгеден асса, сол қаражаттың басым бөлігі алдын-ала көзделмеген бағыттарға жұмсалды. Медициналық сақтандыру жүйесіне әрине сын тағушылар көп, дегенмен пандемия МӘМС жүйесін енгізу барысында жүйелі әрі тұрақты жұмыс жүргізуге кедергі келтірді. Қордың негізгі міндеті медициналық ұйымдарды үздіксіз қаржыландыру болса, 2020 жылы КВИ-мен күреске жұмылдырылған медициналық қызметкерлерді материалдық қолдау деген секілді жұмыстарды МӘМС қоры мүлтіксіз орындап шықты».

Денсаулық сақтау және әлеуметтану сарапшылары жүргізген «Қазақстандықтардың МӘМС-ке жұмсалатын шығынына талдау жасау арқылы бағдарламаны енгізудің тиімділігіне баға беру» тәуелсіз зерттеу жобасының қорытындысына сүйенсек, әлі де болса медициналық сақтандыру сұрақтары бойынша қажет деңгейде ақпарат ала алмай отырған азаматтар бар. Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 60%-ы медициналық сақтандыру жүйесінен хабарсыз, яғни МӘМС туралы бұрын-соңды естігенмен, сақтандыру шеңберінде қандай көмек алуға құқылы екенін толық білмейді.

2% жұмыс сапасын екі есе жақсартты ма?

Сондай-ақ сауалнамаға қатысқан азаматтардың басым бөлігі МӘМС шеңберінде сақтандырылғанымен, ақылы медициналық көмек алуға мәжбүр.  Емханадағы толассыз кезек, мамандардың жетіспеушілігі, мамандардың МӘМС сұрақтары бойынша толық ақпарат бере алмауы, пандемия жағдайындағы медициналық қызметтердің қолжетімсіздігі, мұнымен қоса мәліметтер базасының жүктемені көтере алмай, ауық-ауық істен шығуы – халықтың ақылы медициналық көмекке жүгінуіне бірден-бір себеп. Сауалнама тұрғындардан бөлек медицина саласы қызметкерлерінің арасында да жүргізілген.

2% жұмыс сапасын екі есе жақсартты ма?

«Жалпы медициналық сақтандыру жүйесі Қазақстанда медициналық қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға бағытталған. Бірақ, біздің байқағанымыздай, медициналық қызмет көрсетуге қатысты тұрғындар тарапынан жағымсыз сын-пікірлер легі күн өткен сайын көбеюде, өйткені медициналық сақтандыруды халық әлі де толық түсінбеген. Бұнда медицина саласы қызметкерлерінің де сақтандыру сұрақтары бойынша білім жеткіліксіздігі басты әсер етуші фактор болып саналады. Медициналық қызмет көрсетуде алдыңғы шептегі емхана дәрігерлерінің кепілдендірілген медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін медициналық көмек пен сақтандыру жүйесі бойынша көрсетілетін көмектің ара-жігін ажырата алмауы медициналық халық арасында наразылық туындатып отыр», – дейді медицина қызметкерлерінің арасында сауалнама жүргізген әлеуметтанушы, Phd докторы Маржан Бірімжанова.

«Жалпы медициналық сақтандыру шеңберінде сақтандырылған азаматтар медициналық көмекті тегін алуы тиіс. Қорға жарна аудару тұрғындар тарапынан міндетті болса, дәл солай медициналық ұйым тарыпынан тегін көмек көрсету міндетті. Бұл ретте әрбір Қазақстан азаматы өзінің құқығын білуі тиіс. Біз талап ете отырып, сапалы медициналық қызметке қол жеткізе аламыз, – дейді модератор Әйгерім Қожахметова.

«Бұл бір шыдамдылықты талап ететін жүйе болды. Қорға жарнапұл аударамын ғой деп тегін емделгім келген. Белімнің ауырып жүргеніне бір айдан асты. Әуелі терапевтке кезекке тұрдым. Ол невропатологке жіберді. Оның қабылдауын 15 күндей күттім. МРТ-ға тегін түсу үшін тағы жиырма шақты күтуге тура келді. Оның нәтижесін алғаныма бір аптадан асты, МРТ-ның нәтижесін невропатологке қайтадан көрсету үшін кезек күтіп жүрмін, – дейді бізге емхананың алдында кездескен қала тұрғыны Елжан Кемер.

«Тегін медициналық қызмет көрсететін барлық елде тұрғындар кезек күтеді. Біз кейде тым шыдамсызданып кетеміз. Өйткені ауру әбден меңдеп, асқынған кезде ғана дәрігерге барамыз. Сосын дер уақытында маған қарамады, кезек күттіріп қойды деп ренжиміз. Сондықтан ауруыңыз асқынбай тұрып, сәл сыр бергенде дәрігерге асығу керек. Адамның ауруы ешқайда жоғалып кетпейді, ауырып, кейін басылғанда тәуір болып кеттім деп ойламаңыз. Дереу дәрігерге жазылыңыз. Өйткені онда сіз апталап кезек күтетініңізді алдын ала білуіңіз керек. Бұл – бұл қалыпты жағдай, – дейді қала тұрғыны Гүлжан Жұмажан.

«Қорға жарна аудару деген жүйе енгізілгелі маған өте қиын болды. Ауырып, емханаға бардым, жарнапұлыңыз төленбеген деп мені қабылдамады. Өйткені менің тұрақты жұмысым жоқ. Тұрақты жұмыс болмағандықтан ай сайын жарнапұл төлей алмаймын. Кенеттен ауырып қалғанымда ай сайын төлей алмаған жарнапұлдың бір жылғысын бірден қалай төлеймін? Осыған таңым бар», – дейді қала тұрғыны Айман Жанәділқызы.

«Жарнапұлыңыз төленбеген, сондықтан сізге медициналық қызмет көрсетілмейді дегенде өзімді екінші сортты адам сияқты сезіндім. Әрине жұмыс істеймін, бірақ біз базарда күнбе күн қолма қол есептесетіндіктен, жарнапұл туралы ойлау қаперімізге де кірмейді ғой. Енді ауырып қалмасам екен деп тілейтін болдым, – дейді күліп Талғат Бектемір.

Мұндай пікірлерді мыңдап келтіруге болады.

Қорға жарна аудармайтын азаматтар да кезек күттірмейтін жағдайларда тегін медициналық көмек ала алады. Белгілі бір аурумен диспансерлік есепте тұрса, тегін дәрі-дәрмек те тиесілі. Бұл мерзімді басылымдарда және белгілі бір сайттарда ауық-ауық жарияланып тұратын тізім болғандықтан әрі іздеген адам оңай табатындықтан оны дәл осы жерде қайталау артық болар.

Тізімді жатқан білгенмен, талап етпесеңіз, нәтижені күту бекер.

                                                                           Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!