Коронавирус өршіген Павлодар облысы қайтадан «қызыл» аймақтар қатарына қосылды.
Кейінгі бір тәулікте 155 адам коронавирусқа шалдыққан, – деп жазды 24.kz. Стационарлық ем қабылдап жатқан науқастар саны 617-ге жеткен.
Жансақтау бөлімдерінде жатқан 21 адамның жағдайы ауыр. 6 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Облыстың бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, сауда орындары, азық-түлік емес дүкендер, спорт нысандары, қоғамдық монша, сауналардың жұмыс уақыты шектеледі. Сенбі, жексенбі күндері қоғамдық көліктер қатынамайды.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім жетекшісі Ғизат Әбішев: «Қаулы қаңтардың 20-нан бастап күшіне енеді. Ұйымдар өзгертілген жұмыс кестесіне көшуі тиіс. Қоғамдық тамақтану орындары 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Тағамды жеткізіп беретін мекемелер кешкі 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Жексенбі күні қызмет көрсетпейді. Демалыс күндері локдаун енгізіледі. Мекемелердің 80 проценті қашықтан жұмыс істеуге көшеді», – деді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!