2023 жылға қарай дәрігерлер жалақысы орта есеппен 550 мың теңгеден асады және Қазақстандағы орташа жалақыдан 2,5 есе жоғары. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студентерімен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сонымен қатар кездесуге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросының директоры, доктор Ханс Хенри Клюге қатысты. «Денсаулық сақтау жүйелеріміздің болашағы: алғашқы медициналық-санитариялық көмектің беделі, мотивациясы, құзыреттері» атты кездесуге ДДСҰ Еуропалық бюросының аймақтық директоры Ханс Хенри П. Клюге (Hans Henri P. Kluge), Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілі Кэролайн Кларинваль (Carolyn Clarinval), ДДСҰ-ның алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі Еуропалық орталығының басшысы Мелитта Якаб, Өзбекстанның денсаулық сақтау министрінің орынбасары Амрилло Иноятов қатысты.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, бүгінгі таңда 8 жоғары оқу орны республиканың білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізілген 60-тан астам медициналық мамандық бойынша білім береді.

«Жыл өткен сайын мамандықтың беделі артып, медицинаға қызығушылық танытатын жастар көбейіп келеді. Медициналық жоғары оқу орындары жыл сайын 9 мыңнан астам маман бітіреді. 2021 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі грант құнын өсірді, бұл медициналық жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға айтарлықтай әсер етеді. Медицина қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын, жүйелі түрде арттыруға көбірек көңіл бөлінуде. 2023 жылға қарай дәрігерлер жалақысы орта есеппен 550 мың теңгеден асады және Қазақстандағы орташа жалақыдан 2,5 есе жоғары болады»,- деді министр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!